ТАРАЗ, 06 қазан. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз тұрғынынан бір келіден астам марихуана есірткі заты тәркіленді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген. Нәтижесінде есірткі заттарын сатумен айналысқан 28 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұсталды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Күдіктінің автокөлігін тексеру барысында бір келіден астам «кептірілген марихуана» есірткі заты анықталып, тәркіленді. Күдікті кінәсін мойындап, Тараз қаласы Полиция басқармасының Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды»,-делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.