НҰР-СҰЛТАН, 07 қазан. Тәжікстан билігі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің бағалауы бойынша Сириядағы босқындар лагерінде адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқан тәжікстандықтарды елге әкелуді жоспарлап отыр, деп centralasian.org хабарлайды.
Бұл жөнінде Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Олар қазір Сирия билігімен келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізді. Осы мақсатта Тәжікстанның Ирак және Кувейттегі елшісі Зубайдулло Зубайдзод Дамаскіге барған.
Тәжік билігінің мәліметінше, қазір Сириядағы босқындар лагерінде шамамен 575 тәжік әйелі мен балалары бар. Олардың дені Хасакиядағы «Әл-Хол» лагерінде.
БҰҰ мәліметінше, «Әл-Хол» босқындар лагерінде кемінде 70 мың адам бар. Олардың 10 мыңға жуығы – шетелдік.
Биыл көктемде тәжік билігі 84 тәжік баланы еліне әкелген. Олардың әкелері «Ислам мемлекеті» террористік тобының құрамында соғысып қаза тапса, аналары Иракта ұзақ мерзімге сотталған.