НҰР-СҰЛТАН, 09 қазан. Терроризммен күрес ұжымдық сипатқа ие болуы керек. Бұл туралы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздік және шекаралық істер мәселелері бойынша ынтымақтастық департаментінің директоры Мохаммад Файзи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жылдар бойы Ауғанстан терроризмнің құрбаны болып келеді. Біздің ел — бұл жағдаймен күресуде бәрінен көп зардап шеккен мемлекет. Біз терроризммен күрес ұжымдық сипатқа ие болу керек деп есептейміз. Талибан – Ауғанстан аумағында жүрген шетелдік қарулы топтардың серіктесі. Қарулы топтар әртүрлі ұлттардан тұрады. Сол себепті, олар Ауғанстаннан бөлек, бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Өкінішке қарай, Талибан Ауғанстаннан тыс та өзімен серіктес күштерге қару, адам мен базаларды шығарып беруге қауқарлы. Олар есірткіден пайда табады. Табыстың тұрақты түрде түсіп тұруы оларға криминалдық синдикаттармен байланыс ұстап отыруға жол ашады. Есірткі– талибтер үшін табыс көзі болып отыр», — деді Мохаммад Файзи Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша дөңгелек үстелінде.
Ауғанстан өкілінің айтуына қарағанда, ауған билігі есірткімен күресті барынша қатаң жүргізуге тырысады. Есірткі өсірілетін алаңдарға арнайы әскери ұшақтарды ұшырады.
«Есірткі саудасының жолын кесуді барынша күшейтіп келеміз. Десе де, Ауғанстаннан тыс та героин өндіретін лабороториялар бар. Халықаралық деңгейде есірткіге деген сұраныс жоғары. Сұраныс ақыры талибандықтарға да, криминалдық синдикаттарға істерін жалғастыра беруге мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті, есірткі трафигі мәселесімен бірлеес күресуіміз керек», — деді ол.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша дөңгелек үстелінде Мұхтар Тілеуберді Ауғанстанның экономикасын көрші елдермен, сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялаудың маңызы зор екенін атап өткен болатын.