КӨКШЕТАУ, 11 қазан. Ақмола облысында ірі көлемде героин саудасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды .
Ведомствоның мәліметінше, қазанның 10-ында ПД есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері жедел алдын алу шарасы кезінде ірі көлемде героин саудасымен айналысқан топтың жолын кесті. Жедел іздестіру шарасы барысында Атбасар қаласының 3 тұрғыны ұсталды. Оның екеуі — ерлі-зайыптылар.
«Тінту кезінде 48 жастағы күдіктіден 7 полиэтилен орамаға салынған 44,23 грамм есірткі заты табылды. Сараптама табылған заттың героин екенін анықтады. Ал оның 72 жастағы анасының үйінен жасырулы тұрған 404, 14 грамм героин табылды. Жалпы, осы арнайы шара барысында полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 465,79 грамм есірткі затын «героин» тәркіледі. Ұсталған қылмыстық топтың екеуі есірткі саудасына қатысты ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған», дейді ведомстводан.
Ведомстводан атап өткендей, қазіргі кезде күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, ҚР ҚК 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.