АТЫРАУ, 16 қазан. Деструктивті идеологияның жетегінде кеткен атыраулықтар жасаған сұмдық қылмыстар әшкере болып жатыр. Басқа басқа, есірткі сатумен, мал ұрлығымен айналысуды үйреншікті іске айналдырып келгендердің лас тірлігі – дінді ойыншық еткендердің шынайы бет-бейнесін көрсетіп тұрғандай, деп Kazislam жазады.
Күні кеше Қармақшы ауданында ірі көлемде есірткі тәркіленді. Құзырлы органдар таратқан мәліметке қарағанда, оқиға 8 қазан күні болған. Қызылорда облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мен Қармақшы аудандық полиция бөлімінің бірлескен жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Қармақшы ауданына қарасты Жосалы кентінде күдікке ілінген көлік тексеріледі.
«Абай көшесі бойындағы «Қазақтелеком» ғимараты алдында Атырау облысының Құлсары қаласының тұрғыны Н.А-ның көлігі тексерілді. Сол кезде көлік ішінде болған жолаушы, Орал қаласының тұрғыны А.Д-ның сөмкесінен жасыл түсті, өзіне тән иісі бар алты орама өсімдік табылды. А.Д-ның екінші қара түсті былғары сөмкесінің ішіндегі киімінің арасынан да тап осындай тағы бір полиэтилен пакетке салынған өсімдік шықты. Жүргізілген сот-сараптамалық жұмыстар белгісіз заттың кептірілген марихуана екендігін анықтады» делінген құзырлы органдар таратқан мәліметте.
Осылайша, арнайы операция кезінде салмағы 12 келі 524 грамм болатын есірткі тәркіленіп отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаға тікелей қатысты үш адам күдікті ретінде қамауға алынды. Оның ішінде, Атырау облысына қарасты Құлсары қаласының тұрғындары 1981 жылы туған Н.А. мен 1986 жылы туған К.А. және Орал қаласының тұрғыны 1988 жылғы А.Д. бар.
«Заттай айғақпен ұсталған бұл үш азамат есірткі, психотроптық және сол тектес заттарды заңсыз дайындау, иемдену, сақтау бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталып отыр. Тергеу ісі жалғасуда» делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәліметінше, есірткімен ұсталған бұл азаматтар деструктивтік діни ағым өкілдері болып шықты.
Ислам – қылмысты емес, тазалықты насихаттайтын асыл ілім. Дінді ойыншыққа айналдырғандардың тікелей қатысымен болған қылмыстық оқиғалар – деструктивті ағым өкілдерінің шынайы бет пердесін ашып беріп тұрғандай…