НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан. Иман – адам баласын екі дүниеде де бақытты ететін ғажайып тылсым қазына. Алайда қазіргі уақытта қоғамда исламның атын жамылған жат ағымдар пайда болды. Әрекет ете бастады. Теріс пиғылды діни ағымдардың ығына жығылып, адасқандар жазықсыз жандарға оқ атып, бейбіт елдің берекесін қашырды, дейді исламтанушы Қайрат Жолдыбай ҚазАқпаратқа шыққан мақаласында.
Біз діни құндылықтар туралы білмейінше, халықтың мәдени тұтастығын қалыптастырудағы құндылықтар рөлін анықтай алмаймыз. Діни құндылықтар – ұлт үшін немесе жеке адам үшін қасиетті сенімдер жүйесі. «Дін – бүгінгі күні жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына үлкен әсер етіп отырған әлеуметтік феномен деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздің ерекшелігі біз көпэтностық, көптілді және көпконфессионалды болғандықтан, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі сияқты, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып, дами бастады». Сондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, діни конфессиялары арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады.
Елімізде үш жылда бір рет өтіп тұратын әлемдік діндер лидерлері мен көшбасшыларының құрылтайы осыған дәлел. Бұрында мысалға әртүрлі дін өкілдері бір үстелдің басына жиналып, әңгіме қозғамақ түгілі, тіпті қол алысып, амандаспайтын да, бір-бірін жау санайтын. Осы съездің ең үлкен жемісі не деп бізден көп адамдар сұрап жатады. Біз айтар едік, бұл жерде бірден бір саяси оқтын бірден жемісін беру мүмкін емес, бірақ, сол өз елдерінде белгілі бір діннің көшбасшысы ретінде саналатын кісілердің келіп, басқа дін өкілдерімен бір үстелдің басына жиналып, ортақ адами құндылықтар төңірегінде әңгіме қозғауының өзі үлкен жетістік.
Тарихта көп болмаған дүние. Және әрбір келген көшбасшының артында жамағаты тұр. Ол жамағаты сол көшбасшыларын тыңдайды, ендеше көшбасшылардың басқа дін өкілдерімен пікір тоғыстырғанын көргеннен кейін олардың да пікірі өзгеріп, басқа адамдардың көзқарасына құрметпен қарай бастайды. Былайша айтқан кезде ақиқатты немесе жұмақты өздеріне жекешелендіре алмайды. Сондықтан, осы тұрғыдан алған кезде, мұны алдын алудың бір үлкен мемлекеттік деңгейде, халықаралық деңгейде үлкен жемісі бұл біздің мемлекеттің ұстанып отырған саясаты, осы діндер лидерлерінің съезінің өтуі болып табылады.
Біз жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетпес үшін, балаға тәрбиені балабақшадан бастауымыз керек. Біз мемлекеттік жүйе ретінде төзімділікке тәрбиелеуіміз қажет. Оларды пікірді құрметтеуге, имандылыққа, мейірімділікке тәрбиелеуіміз керек. Жалпы адамның жүрегінен мейірім кеткен кезде түрлі күштеу, мәжбүрлеу, жәбірлеу сияқты қиянаттар қылаң береді. Сондықтан, мұның алдын алудың ең үлкен жұмысы осы мектепке дейінгі мекемеден басталуы тиіс. Бір ғана әдебиетпен, бір ғана кітаппен емес, бұл кәдімгідей жан-жақты қарастырылуы шарт.
Мәселен, бүгін көгілдір экраннан көріп жатқан мульфильмдерді қарап көрейік. Көбінесе меніңше, тамшылап болсын экстремизмге тәрбиелейтін элементтері жетерлік. Тек көретінің, неше түрлі құбыжықтардың бір-бірін атып жатқаны, қырып жатқаны. Ал, қазіргі компьютерлік ойындар былайша айтқан кезде болашақ экремистерді дайындап жатыр. Санасын бір қатыгездікке, ұшқары ойға, менменшілдік, өзімшілдікке тәрбиелеп жатыр. Мейірімділікті ұялататын мульфильмдер жоқтың қасы, өте аз. Сондықтан біз экстремизммен күрес деген кезде тек қана белгілі бір кітаппен, белгілі бір мақаламен , конференциямен шеше алмаймыз. Мұны концептуалды түрде жан-жақты қарастыру керек. Бұл фильмдерде көрініс табуы керек, мульфильдерде көрініс табуы керек, ол мектептің әрбір кітабында (оқу құралында) көрініс тауып, жанама түрде адамды мейірімділікке, рахымдылыққа тәрбиелейтін, адам сүйгіштікке тәрбиелеуі керек.
Жалпы діни экстремизмнің негізгі тамыры – бұл сауатсыздық. Бір жақты оқу және әлеуметтік жағдайдың жоқтығы, мемлекеттің бір толыққанды идиологиясы болған кезде немесе идиеология әлсіз болған кезде қылаң беретін дүниелер. Егер жастайынан белгілі бір мемлекеттік, діни идиеологияға дұрыстап тәрбиеленетін болса бала меніңше, мұндай әртүрлі ұшқары ойлар, төзімсіз іс-әрекеттер болмайтын еді. Сондықтан, бұл тікелей жаңағындай білімсіздіктен, сауатсыздықтан жүйелі бір идиологияның жоқтығынан туындайтын дүниелер болып табылады.