НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан. ҚР ҰҚК өткізген кең көлемді «Жусан-2» операциясы кезінде Сириядағы қақтығыс аймақтарынан 231 қазақстандық елге қайтты. Оның 16-сы — ер адам, 59-ы — әйел және 156 бала бар. Боздаладағы бейбіт күннің бағасын білмей, жат ағымның жетегінде кеткендердің қатарында Фатима есімді келіншек те бар. «Жәннатты» аңсап, адасқан әйел көрген қиындықтары жайлы ҚазАқпаратқа баяндап берді.
Фатиманың (есімі өзгертілген) намаз оқып, Сирияға кетуіне күйеуі себепкер болған. 2009 жылы 11-сыныпты бітірген ол Алматыға оқуға түсіп, үлкен мегаполисте болашақ жарымен танысқан.
«Екінші курста оқып жүрген кезде тұрмысқа шықтым. Күйеуім өте сабырлы, көп ашулана бермейтін еді. Бір-бірімізді ұнатып шаңырақ көтергендіктен еш қиындық болған жоқ. Көп ұзамай ұлды болдық. Бірақ мен оқуымды тастаған жоқпын. Бір күні мен сабаққа дайындалып отырған кезде үйге үш еркек келді. Олар күйеуіммен біраз уақыт жеке сөйлесті. Содан соң ол бірден Сирияға барамын деп шешіп, солармен ілесіп кетіп қалды. 2014 жылдың жазында ұлымды алып мен де сол жаққа аттандым», — дейді Фатима.
Бастапқыда бәрі жақсы болған. Соғыс жүріп жатқанымен Ислам елінде, шариғат бойынша өмір сүріп жатырмыз деп ойлады.
«Соғыс бізден алыс жерде жүрді, біз әйелдер бала-шағамызбен қалада тұрдық. Шам еліндегі қазақстандықтар Сирияның шын мәнінде қандай екенін 2017 жылы аңғардық»,- деді ол.
2017 жылдың желтоқсан айында Фатима күйеуінен айырылды. Жолдасының үстіне бомба түсіп, көз жұмған. Қыстың қақаған аязында содырлар Фатималардың тұрып жатқан қаласына кірген. Міне, осы уақыттан бастап қиын күндер басталған. «
Біз соғыстың дәл ортасында жүрдік, жанымыздан оқ ұшып, жарылыс болып жататын. Сол кезден бастап әр жерге бір көшіп, аш жүрдік. Жергіліктілер дәулетті тұрды, қарындары тоқ еді. Ал басқа елден келгендер ешкімге керек болмады. Біз жесірлер бір үйде тұратынбыз. Қайыршы секілді жан-жақтан тамақ сұрай бастадық. Елге оралуға жол іздегенімізбен Қазақстанға қайту өте қауіпті еді»,- деді ол.
Фатиманың айтуынша, соғыс алаңында адамдар «жәннатқа бару» үшін өз жанын құрбан еткен екен.
«Ол жақта көп адамдар жәннатқа барамыз деп өзін жарып жіберіп жатты. Себебі, «жәннатқа баруға асығыңдар» деп адамдарды осыған шақыратын. Кейіннен лагерьлерге шықтық. Ол жерде жарылыстың кесірінен аяғы не қолы жоқ, тағы да басқалай жарақаттанған адамдар көп болды. Оларға ешқандай медициналық жәрдем берілмеді, дәрі-дәрмек те жоқ, ешкім қарамайды, тіпті аяқтары құрттап, шіріп, сасып жатқандар да кездесетін. Мұсылмандар қатты қиналып жатты»,- дейді келіншек.
Қолындағы баласымен қиындықты әбден көрген Фатима тұрмысқа шығуға бел буады.
«Ол жақтың еркектерінде екі-үш әйелден болады.Мен екінші, үшінші әйел болғым келмегендіктен отбасымен бомбаның астында қалып, әйел, бала-шағасынан айырылған мүгедек адамға тұрмысқа шықтым. Бірақ ол күйеуіммен көп тұрмадым»,- дейді ол.
Қазақстандық әйел отанға 2019 жылдың мамыр айында «Жусан-2» операциясымен оралды. Жолдасымен жұмақты аңсаған әйел адасқаны үшін жақындарынан кешірім сұрады.
«Мен ата-анамнан, туған-туыстарымнан, достарымнан кешірім сұраймын. Маған тағы бір мүмкіндік беруін өтінем. Ислам – мейірім діні. Мен оларға исламды жақсы жағынан көрсеткім келеді. Тек біздер адасып кеттік»,- деп әңгімесін қорытындылады келіншек.