АЛМАТЫ, 23 қазан. Алматыда дін тақырыбына арналған үздік шығармаларға жарияланған журналистер байқауы қорытындыланды. Түрлі номинациялар бойынша жұмыстары сарапқа салынған байқау жеңімпаздары арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды,деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты алматылық журналистер арасында үздік шығармаларға байқау жариялаған болатын. Бүгін сол байқаудың қорытындысы шығарылып, жүзден жүйрік шыққандарға арнайы диплом мен электросамокаттар тарту етілді.
«Бұл байқаудың басты мақсаты – діни сенім бостандығына байланысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын, негізгі ұстанған ұстанымын, саясатын түсіндіру, қоғам назарын дін саласындағы түрлі мәселелерге аудару. Ұлт мүддесіне нұқсан келтіретін түрлі діни теріс ағымдар мен экстремистік топтарға қарсы күресті күшейтуге үлес қосу, жат пиғылды топтарға қарсы ақпараттық кампанияны құру. Сонымен қатар, болашақ ұрпақ бойына ұлттық діл мен дәстүр жөнінде тәлім-тәрбиені сіңіру»,- деді Алматы қалалық Қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Айдар Есенбеков
Байқау шарты бойынша, материалдар Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіріп, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыруы, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеп, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізуі, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зиянын ашып көрсетуі тиіс болатын.
Байқауға БАҚ журналистерінен өзге блогер, ғалым, публицистер қатысты. 52 үміткерден 120-дан астам жұмыс келіп түсті. Қазылар өткір публицистикалық жанрларға ерекше назар аударғандарын айтады.
Үздік шығармалар байқауында алдымен ынталандыру сыйлығы табысталып, оған «Түркістан» газетінің жауапты хатшысы Динара Мыңжасар, «Arhar» сайтының тілшісі Асхат Қасенғалиев, «yyvision.kz» сайтының тілшісі Төлеген Бекмухамедов, тәуелсіз журналист, блогер Гүлден Жандильдинова, «Хикмет» телерадиостудиясының тілшісі Еркін Үсенбаев лайық деп танылды. Сыйлық иегерлері 20 мың теңге мен арнайы диплом алды. Сондай-ақ, қазылардың шешімімен «Фотөнер» қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі фотограф Асылхан Әбірайымұлы «Ең үздік фоторепортаж» номинациясының, «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының редактор-жүргізушісі Бақытжан Жармұхамбет «Ең үздік радио жанры» номинациясының арнайы жүлдесіне ие болды.
Ал діни экстремизмге қарсы күресте қатарластарынан үздік шыққан журналистер мен көсемсөзгерлер төмендегідей номианцияларды жеңіп алды. «Ең үздік телевизия жанры» номинациясын «Қазақстан» ұлттық арнасының «Иман өзегі» бағдарламасы, «Мерзімді баспасөздегі қазақ тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясын «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің баспасөз хатшысы, исламтанушы-журналист Айша Кеңесбаева, «Интернет желісіндегі ең үздік бейнеролик» номинациясын «Алматы» арнасының тележүргізушісі әрі тілшісі Әйгерім Ердәулетқызы, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Берік Бейсенұлы, «Интернет-ресурстағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» номинациясын Zakon.kz желілік басылымының арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «Ең белсенді блогер» номинациясын Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, белгілі исламтаншы-теолог Асқар Сабдин, «Мерзімді баспасөздегі орыс тіліндегі ең үздік публицистикалық мақала» номинациясын дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Елнар Берікбаев, «Әлеуметтік желідегі ең белсенді қоғамдық топ» номинациясын Instagram, Facebook, «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз» парақшасы иеленді.
Ұйымдастырушылар журналистерге қолдау көрсету шаралары бұдан кейін де жалғасын табатынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, діни экстремизмнің алдын алу мақсатындағы бұл байқау Ұлттық журналистік зерттеу орталығының мұрындық болуымен Алматыда осымен төртінші рет өткізіліп отыр.