Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Дінтанушы: Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан. Дін – бүгінгі күні жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына үлкен әсер етіп отырған әлеуметтік феномен деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздің ерекшелігі — көпэтносты, көпконфессионалдымыз, сондықтан, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып, дами бастады. Сондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауға негіз бола отырып, діни конфессиялар арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады, делінген дінтанушы Нұрлыхан Қожабергенқызының ҚазАқпарат сайтындағы мақаласында. 

Қазіргі әлемнің, оның ішінде қазіргі Қазақстанның міндеті — жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты, әлемдік және дәстүрлі діндердің ғасырлар бойғы негізгі принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін, саналуан этностар мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды. Діндер адамзат тарихында ізгіліктің құралы болғаны анық. Бірақ саяси күштер дінді саясаттың құралы етіп алып, қатыгез саяси мақсаттарын жүзеге асырады.

Технология мен ғылым дамыған қазіргі кезде діни экстремизм деген ұғым жиі қолданылуда. Діни экстремизм дегеніміз – саяси күштердің өз мақсатына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады. Дінімізді бұрмалап, әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, ділімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп отырған салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық, жеккөрушілік, тасбауырлық туғызып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұлттық құндылықтарды ұмыттырғысы келгені түрлі ағымдардың өте белсенді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, көптеген діни ағымдардың қаптауына байланысты қоғамда кері саяси ұғымдар пайда болады. Адамның сана-сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр. Жалпы, экстремизм мәселесі оның түрлі көріністерінде әлем бойынша өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әлемдік тәжірибеде экстремизм — әлеуметтік, экономикалық, саяси және діни, экологиялық, тағы басқа да өзекті мәселелерді шешу барысында әрбір қоғамда, мемлекетте басты назарға алынатын негізгі бағыттар. Қарап отырсақ, экстремизм экономикалық тұрғыдан дамыған және саяси тұрақты елдерде де белең алады.

Экстремизмнің бірінші белгісі — адамның надандыққа, көрсоқырлыққа негізделген өз көзқарасы, пікірінің орындалуын табанды түрде талап етуі. Мұндай адамдар басқа көпшіліктің қажеттіліктері мен шынайы жағдайын түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Экстремистердің екінші белгісі — олардың ешбір қажеті болмаса да, әр істе шектен шығуға бейім тұруы. Басқаларды да осыған итермелейді. Нәтижесінде адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынас бұзылып, қоғамдағы үйлесімді тіршілік арнасынан ауытқиды. Бұл әлеуметтік толқулардың тууына себеп болады. Экстремистік көріністің үшінші түрі сырт көзге байқалмайтын, адамдарға деген күдік пен сенімсіздіктен туады.

Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – пікірін қоштамағандарға зорлық-зомбылық көрсету. Діни экстремизм әлемді өзінің шектен шыққан көзқарасына сәйкес қайта құруға ұмтылады. Ол – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Жаһандану заманында қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр. Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін бұл жұмысты әлемдік қоғамдастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейтуіміз керек.

Бүкіл әлемдегі кез келген мемлекетке бұл «қоғамдық қасіретке» қарсы күресті жеке жүргізу қиындыққа соғады. Сондықтан, 2006 жылы 8 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы «Ғаламдық террормен күрес» стратегиясын қабылдады. Аталған құжатта БҰҰ-ға мүше мемлекеттер экстремизм мен терроризмнің барлық пішіндерін бір жақты айыптайды, соған қарсы тығыз ынтымақтастық арқылы әрекет етуге дайын екенін көрсетеді. Елімізде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 10-бабында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен экстремизмнің алдын алу, анықтау және жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылы» делінген.

Соған қарап еліміздің экстремизм және терроризмге қарсы басқа мемлекеттермен бірігіп күресуге дайын екенін көреміз. Экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Олар қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Экстремистер адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсатына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады. Экстремизм және терроризм өзінің қылмыстық мақсаттарын орындау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланады, соның ішінде әлемде ең қымбат ресурс – адам өмірі, оның денсаулығы мен қоғамдағы күнделікті іс-қимылын жоюға дейін барады.

Діни экстремизм (антиконфессионалдық) – Орта Азия аймағында кең тараған экстремизм түрі болғандықтан зерттеушілер, дінтанушылар тарапынан қызығушылық тудырып отыр. Діни экстремизм қоғамда діни құндылықтарды күштеп тарату тәсілі арқылы зайырлы мемлекеттің діни ұйымдарын шетке ығыстыра отырып, өз ықпалын жүзеге асырады.

Қазақстан өз тарапынан аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, сонымен қатар, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнату үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр. Қазақстан өзі мүше болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясында да халықаралық экстремизммен күресін жалғастыруда.

Қорыта айтқанда жаңа заман жағдайында, яғни конфессиялық топтардың саяси қайшылықтары кезінде жоғарыда аталған мәселелер ерекше маңызға ие және оларды еңсеру барысында Қазақстанның саяси-құқықтық құрылымы мен ұлттық ерекшеліктері есепке алынып отыруы тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *