НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан. Тәжікстанда ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымына мүше елдердің «Мызғымас бауырластық-2019» атты әскери оқыту жиыны өтті, деп Kazakh-tv.kz хабарлайды.
Онда 3,5 мың адам бас қосып, 600-ге тарта техника жұмылдырылды. Жаттығу жоспарына сай ұйымдасқан қылмыстық топ шекараны заңсыз кесіп, тәжікстандық әскерилермен қарулы қақтығысқа түсті.
Ресейдің 201-ші әскери базасының жауынгерлері мен Тәжікстаннның десанттық-шабуылдау ротасы қылмыскерлерді дер кезінде тоқтатты. Әскерилер тек жаттығудың алғашқы кезеңінде 120 оқ ату операциясын сәтті орындап, қарсыластың нысандарын жойып үлгерді.
«Орталық Азия аймағының бірлескен қарулы күштерінің жасағы өңірге сырттан төнген кез келген қауіп-қатерді дереу шешуге арналған. Бұл – жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің және ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған әскери топ. Бірлескен іс-қимылдарын ұдайы жаттықтырып, қатаң бақылауда ұстау керек», — деп мәлімдеді ҰҚШҰ бірлескен штабының басшысы генерал полковник Анатолий Сидоров.
«Бірінші кезеңде бізге бірлескен іс-әрекетті талап ететін тапсырмаларды орындау қажет болды. Белгілі уақытта 7 бірдей тапсырманы бірінен соң бірін орындау керек. Бұл – өте маңызды. Бұған қоса бірыңғай басқару жүйесін іске қостық. Бізде тілдік кедергі жоқ, сондықтан бұл тапсырманы да мүлтіксіз атқарып шықтық», — деді РФ қарулы күштерінің орталық әскери округінің басшысы генерал полковник Александр Лапин.