Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Теолог: Радикалды діни ағым өкілдерін райынан қайтару оңай шаруа емес

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан.  Елімізде соңғы кездері диструктивті діни ағымдар мен секталардың, радикалды ағымдардың саны артып отыр. Қоғамда дәстүрлі емес, экстремистік, радикалды, мистикалық, экумендік ағым өкілдері ең маңызды қоғамдық және саяси мәселелердің негізіне руханият жататындығын жақсы болжай біледі. Сондықтан олар діни таным негізінде, жалпы дін құбылысы арқылы қоғамда жік тудырып, тыныштық пен тұрақтылықты саяси, ұлттық, экономикалық және әлеуметтік қайшылықтағы қабаттарға бөліп, ыдыратуды көздейді. Белгілі теолог Асқар Әбітайұлы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Асқар Әбітайұлы, теолог маман ретінде еліміздің бірқатар өңіріндегі түзету мекемелерінде отырғандармен түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Оның айтуынша, темір тордың ар жағында отырған радикалдардың діни түсінігі, дәстүрлі діннен алшақ.

«Тәжірибемнен байқағаным, түзету мекемесінде арнайы теолог бекітіліп, тұрақты жұмыс жүргізу екі тараптың бір-бірін жіті тануына және ортада өзара сенім қалыптасуына ықпал етеді. Бұл кездесулерде барлығымен жалпы әңгімелесу және әрқайсысымен жеке сөйлесудің маңызы зор. Жалпы сұхбаттасу барысында араларында «ұстазы, шейхы» болады, өздері сайлап қойған. Барлығы оның сөзіне тоқтайды. Айтпағым, ол жердегі отырғандардың діни білімі таяз. Рухани азығын өз араларындағы «ұстаздарынан» алады. Міне, осы жалпы кездесуде теолог олардың «ұстазы» кім екенін білгені жөн. Көпшілік ортасында сол «ұстазымен» диалог орнатуы қажет. Бұл көпшілікті дұрыс діни тәлім алудың жолына жетелейтін болады. Олардың «ұстазы» мен теологтың қайсыбірінің діни тәлімі дұрыс екеніне көздері анық жетеді. Ал, мұның кейінгі кездесулерге тигізер әсері жоғары»,-дейді Асқар Әбітайұлы.

Оның айтуынша, ерекше мән беретін жайт, ол теологтың іс-әрекеті мен сөзінің бір арнадан шығуы. Осыған қарап сотталушылар алдында оның ұстаз ретінде беделі қалыптасады. Басқаша сөзбен айтқанда, шынайылық қажет.

«Теолог мұндай кездесуге сотталушыларға дұрыс діни ақпарат беруді өзінің азаматтық және ұстаздық борышы екенін түсініп, өз еркімен сұранып баруы құба-құп. Бұған кезекті жұмыс ретінде қарауға болмайды. Бұл сотталушылардың тағдырымен ойнаумен пара-пар. Сондықтан, ұстаздың (теолог) әрбір діни сөзі дәлел-дәйекке негізделуі қажет. Пікірталас барысында сотталушылар екі ұстаздың қайсысының білім жоғары, ұстанымы дұрыс екенін өздері айқындайды. Қорыта айтқанда, түзету мекемелерінің жұмысы тұрақты жүргізілгенде және «ұстазымен» көпшілік ортасында пікірталас өткізумен оңды нәтижеге қол жеткізуге болады»- дейді ол.

Теологтың пікірінше, радикалдарды сырт бейнесіне қарап ажырату мүмкін емес.

«Менің пайымдауымша, олардың бейнесі көпшіліктен оқшаулануы, имам немесе теологпен кездесу ұйымдастырылса өз ой-пікірін айтпай бүгіп қалуы, ұстанымдары көбінесе жаттанды сөздерге құрылған. Міне оларды осындай әрекеттері арқылы ажыратуға болады. Ал, шынайы асыл дін құндылығын жоғары қоятын азаматтар ұстаздан өзін мазалаған сауалдарын қойып, қызығушылық таныта бастайды. Оларда дінге деген ықылас пен ынта байқалып тұрады»,- дейді теолог.

Маманың айтуынша, деструктивті ағым өкілдерін тура жолға салу оңай шаруа емес.

«Жат ағымнан қайтқан адам жоқ. Барлығы бекер» дейтіндер бар. Қазақта «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегендей, мұндайлар көбінесе, жетекшілік міндетін атқарушылар және фанатизм танытқандарында кездеседі. Бірақ, жат ағымдар ықпалымен діни сауатын ашса да бірбеткейлік танытпайтын мешіт имамдарының уағызын тыңдайтын, керек кезде сұрағына да мешіт ұстаз-имамдарынан жауап іздеп барып теріс райынан қайтқандары өз тәжірибемде жеткілікті. Райынан қайтуы оңай шаруа емес, ондай азаматтармен жиі кездесіп әңгімелесіп тұру қажет. Ең бастысы, шынайы қарым-қатынас орнату маңызды. Оларды мешіт дәрісінен бөлек, басқа да іс-шараларға тарту қажет. Бұл әдіс олардың мешіт және имамдар туралы естіген сөздері шынайылықпен жанаспайтындығын өз көздерімен көруге таптырмайтын мүмкіндік. Айтпағым, «қайтқан адам жоқ» деген сөз негізсіз. Ең маңызды жайт, осы бағытта жұмыс істейтін теолог ол азаматтарды да бауырым деп білуі керек. Жұмыс объектісі деп емес, «әрбір қазақ жалғызым» деген ұстанымда болуы тиіс», — деп қорытындылады Асқар Әбітайұлы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *