ӨСКЕМЕН, 04 қараша. Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ірі мөлшерде есірткі саудалаған үш қылмыскерді қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олардың біріншісі — 27 жастағы Алматы тұрғыны. Тәртіп сақшылары бұл қылмыскерді Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірлесіп ұстады.
«Күдікті ұсталған үйдің кіреберісінен сары түсті контейнерлері бар бес картон қорап табылды. Оның ішіндегі жасыл түсті өсімдік тектес заттардың Алматы тұрғынына тиесілі екені анықталып отыр. Ол аталмыш заттарды Өскеменде өткізбек болған», – деп мәлімдеді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дәл осы уақытта есірткі саудалаған тағы екі азамат ұсталды. Оларды жұмыс сапарымен Жамбыл өңіріне барған шығысқазақстандық полицейлер жергілікті әріптестерімен тізе қосып, қолға түсіргенін айта кетуіміз керек.
Осылайша полиция қызметкерлері жалпы салмағы 77 келіге жуық «кептірілген марихуана» және «гашиш» есірткі заттарын тәркіледі.
Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.