Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

20 мың отандасымыз жат ағым жетегінде жүр

НҰР-СҰЛТАН, 06 қараша. Жиырма мың отандасымыз жат ағымның жетегінде жүр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жаға ұстатар осындай ақпарат таратты, деп хабарлайды 24.kz. 

Теріс ағымның шырмауына түскендер «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы», «Әл-Каида» сынды лаңкестік топтарға мүше болған.

Сөйтіп, елден ұзап, Таяу Шығысқа табан тірегендердің дені тағдырдың тәлкегіне ұшыраған. Көбі көз жұмды, тірі қалғандары елге жеткізілді. Имамдар форумында осы мәселелер айтылды.

Бейбіт күннен безіп, соғыс өршіп тұрған Сирия аттанғандардың кейін сан соғып, сенделіп қалғанын ел біледі. Мысықтілеулілердің сөзіне еріп, қару асынғандардың ақырында ажал құшқанын естідік. Тірі қалғандары елге жеткізіліп жатыр.

Биыл «Жусан» операциясы кезінде 300-ден аса отандасымыз Қазақстанға қайтарылды. Жесір мен жетім көп. Қолын қанға бояғандар тиісті жазасын алып та жатыр. Оралғандарды енді оңалту керек. Діни басқарма сол бағытта қызмет қылуда.

«Отбасылық құндылықтарды негізге ала отырып, бірінші өзіміз бауырмашылық, ағайындық-туысқандық, сүйіспеншілік қарым-қатынасты біз олардың бойына жас кезінен бастап сіңіруіміз керек және үйретуіміз керек деп ойлаймын», -деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Өткен жылы 800-ге жуық отандасымыз елден кеткен. Таяу Шығысты бетке алды. Жат ағымның жетегінде жүрген қазақстандықтардың алғашқы легі Ауғанстанға алғаш рет 2008 жылы барған. Кейін араға 5 жыл салып Сирия мен Иракқа ойса бастады. Ең сорақысы, солардың көбі – жастар.

«Өткен жылы 800 отандасымыз елден кетті. Олардың көбі соғыста қаза тапты, тірі қалғандары басқа мемлекетке қашты. Қазір соларды Қазақстанға қайтарып жатырмыз. Біздің елдің азаматтары ТГИЛ, Әл-Каида, «Хайят-Тахрир-аш-Шам» сынды лаңкестік ұйымдарға мүше атанған. Олардың барлығы теріс ағымның жетегінде кеткендер» , — деді  ҚР ҰҚК антитеррористік орталық басшысының орынбасары Сергей Швейкин.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі елімізде 20 мың адам әлі де жат ағымның жетегінде жүргенін айтады. Солардың көбі Атырау, Түркістан, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында тұрады. Арам пиғылдылар уағыздарын ғаламтор арқылы жүргізген. Видеоүндеу жасады, түрлі мақала жазды. Соның салдарынан отандастарымыз опық жеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осындай әрекеттерге қазір тосқауыл қойып жатыр.

Діни басқарма елімізде жыл сайын орта есеппен 500-ге жуық адам райынан қайтып, дәстүрлі дінге оралып жатқанын айтады. Бұл игі нышан. Бірақ жат ағыммен күрес осымен тоқтады дегенді білдірмесе керек. Ел санасын улап жатқандармен күрес әрмен қарай жалғаса береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *