НҰР-СҰЛТАН, 07 қараша. Түркия әскери қызметкерлері жақында өлтірілген «Ислам мемлекеті» террор ұйымының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің бір әйелін қолға түсірді. Бұл ақпаратты Түркия президенті Режеп Ердоған мәлімдеді, деп Азаттық Радиосы хабарлайды.
6 қарашада Анкара университетінде сөйлеген ол операцияның жай-жапсарын айтпады.
«Біз оның әйелін ұстадық, бірақ шу көтерген жоқпыз. Сирия аумағында одан бөлек оның әпкесі мен күйеу баласы ұсталды» деді Ердоған. Ол әл-Бағдадидің әйелін әскерилер қашан қолға түсіргенін де айтпады.
Әбу Бәкір әл-Бағдадидің қанша әйелі болғаны әзірге белгісіз. AP агенттігінің жазуынша, оның төрт әйелі болған. Ирактағы құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі оның үш әйелі болғанын айтады.
5 қарашада түрік әскерилері әл-Бағдадидің әпкесін қолға түсіргенін айтқан. Расмия Авад Сирияның солтүстік-батысында жасырынған. Онымен бірге оның күйеуі, келіні, бес баласы қамауға алынған.
«Ислам мемлекеті» террор ұйымының басшысы Әбу Бәкір әл — Бағдади өткен айда АҚШ әскерінің арнайы операциясы барысында өзін-өзі жарып жіберген. Осы рейд кезінде «Ислам мемлекеті» туралы маңызды ақпараттары болуы мүмкін құжаттар табылған.