Ақтөбе облысының тумасы Данабек Төрехан соңғы 8 жылын шет елдерде өткізіп, содырлардың жағында соғысқан. Ауғанстан мен Сириядағы қарулы қақтығыстарға қатысқан. Бұл туралы ол Adil ukim YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты. Тengrinews.kz Данабектің Сириядағы өмірі жайлы айтқан сұхбатын ұсынады.
Ол 2006 жылы «Таблиғи жамағаты» діни қозғалысының қатарына енген. Бұл ұйым экстремистік деп бағаланып, Қазақстан аймағында тыйым салынған. Кейін Солтүстік Кавказ сепаратистерінің идеологы Саид Бурятскийдің бейнематериалдарын көріп, салафизм идеясына ауысқан.
Өз достарына кәпірсіңдер деп айта бастаған. Мешіт имамдарын да жамандап, олардың адасып, солай басқа да мұсылмандарды адастырып жүргенін айтқан.
«2006 жылы көшеде жүрген «Таблиғи жамағатының» үгіттеуімен Исламға қызығып, бес уақыт намаз бастағанмын. Ол жақтан шығып кеткеннен кейін салафит топқа қосылдым. Ринат Әбу-Мухаммад деген болды. Саид Бурятский деген бар, солардың видео-дәрістерін тыңдап жүргенмін. «Кавказда, Ауғанстанда, Иракта жиһад бар, мұсылманның міндеті сол, оларға жәрдем беру керек» деді олар», — дейді Данабек.
Өзінің айтуынша, Вазиристанға жетуіне 8,5 айдай уақыт кеткен. Таулармен жүріп, шаршап, шөлдегенін айтады. Вазиристанға жету үшін үш-төрт мемлекеттен өттік, дейді ол. »
Ол — шариғат мемлекеті» деген соң, мен де солай ойлағанмын. Бірақ ол жерге жеткен соң ешқандай шариғат жоқ екеніне көзім жетті. Талибанның қарамағында соғысатын жер екен. Әскери дайындықтан Сирияда емес, Вазиристанда өттім. Басында шабуылдаушы болдым. Кейін жарақат алғаннан кейін басқа жасаққа ауыстым. Қолымда автомат болды. Менің міндетім — картаға қарап, соғыс алаңында адасып кетпеуді қамтамасыз ету. Түнде, орманда, Сахарада болсын, компосқа қарап, өзімнің мекен-жайымды тауып, барып, қайтып келемін», — дейді Төрехан.
2011 жылы ағасымен бірге Стамбулға, кейін Иракқа жеткен, сол жақтан Ауғанстанға барған. Талибтер жағында соғысқан. Оның ағасы жанкешті болып, Пәкістанда әскери базаны жарып жіберген.
Ағасы қаза тапқан соң Данабек Сирияға аттанған. «Ислам мемлекеті» қатарына қосылу үшін әкесі мен бауырларының келгенін күткен. Отбасы Данабекке жету үшін жалған құжат пайдаланған. Ұсталмас үшін ерлер сақалын қырып, әйелдер хиджабын шешкен. Бірақ оларды жолда арнайы қызмет өкілдері ұстап алған.
2013 жылы Алеппо қаласындағы ұрыста Төрехан жарақат алады. Сөйтіп, ол жас содырларды дайындаумен айналысады.
«Қашуға мүмкіндік жоқ. Біріншіден жол жоқ, екінші жағынан халифаттың ішкі қауіпсіздік бөлімшесі бар. Солар елге жібермейтін», — дейді Төрехан.
Тергеу материалындағы мәлімет бойынша, 33 жастағы ер адам әскери әрекет ортасында жүріп, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының идеясын насихаттаған.