АҚТӨБЕ,14 қараша. Ақтөбе облысында жат дін жетегінде жүргендердің саны біршама азайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«3-4 жыл бұрын теріс діни ағымда жүрген азаматтардың саны облыс бойынша өте жоғары – 2,5 мыңға жуық болатын. Ал қазіргі таңда 1987 адамға дейін азайды. Бұл, бірлескен жұмыстың нәтижесі деп түсінуге болады. Бір жағынан, құқыққорғау органдарының, екінші жағынан жергілікті атқарушы органдардың, үшінші жағынан дін саласы мамандары мен теологтардың бірлескен жұмысы. Нұр-Мүбарак университетінде жұмыс істейтін теолог бауырларымызды, әсіресе әйел теологтарды шақырып, жұмыс жүргіздік», — деді облыс басшысы.
Сонымен қатар ол жат дін жетегінде жүргендерді дұрыс жолға түсіру үшін Өзбекстан мен Ресейдің де тәжірибесіне жүгінгендіктерін айтты.
«Менің ойымша былай түсінуіміз керек: теріс ағымда жүрсе де, барлығы Қазақстан азаматтары. Олар сырттан келген жау емес. Ортамызда жүрген, іштен шыққан балаларымыз. Мүмкін діни ұғымы солай болған шығар. Бірақ, біз қалайда түсінуіміз керек, олардың құқықтары бәрімізбен бірдей. Сол себепті түсіністікпен қарап, реті келсе ортамызға алып, әлеуметтендіру керек», — дейді О.Оразалин.