НҰР-СҰЛТАН, 14 қараша. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы қызмет пен ішкі істер министрлігін шекара бекетіне жасалған шабуылдың алдын алмағаны үшін сынады, деп centralasian.org жазады.
14 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бас прокуратурдың, ішкі істер министрінің, қорғныс министрінің, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының және шекара әскері қолбасшысының есебі тыңдалды. Олардың не туралы айтқаны, қандай шешім қабылданғаны әзірге белгісіз.
«Үш-төрт терроршы бірнеше ай бойы шабуылға дайындалғаны туралы мәлімет болмаса, сонда сендер не істейсіңдер?» деп сынады мемлекет басшысы. Бұл мәліметті дереккөз хабарлады.
Тәжікстан басшысы барлық мемлекеттік құрылымдарға арнайы қызмет пен ішкі істер министрлігіне терроризммен күресте көмектесуін тапсырды. «Терроризммен күрес — сендердің де жұмыстарың» деді Эмомали Рахмон.
Ресми мәлімет бойынша, Рудаки ауданында тәжік-өзбек шекарасындағы «Ишкобод» шекара бекетіне шабуыл 6 қарашаға қараған түні тіркелді. Шабуылдаушылар «Ислам мемлекеті» ұйымына мүше деп хабарлады арнайы қызмет. 20 содыр 3 қарашада Тәжікстан аумағына Ауғанстанның Құндыз провинциясынан кірген.
Күш құрылымдары жүргізген арнайы операция нәтижесінде 15 содырдың көзі жойылып, бесеуі қолға түскен. Милицияның бір қызметкері мен бір шекарашы қаза тапты. Озоди радиосы дереккөзінің мәліметіне қарағанда, шабуылдан кем дегенде алты адам опат болған. Ресми органдар бұл мәліметті растамады, жоққа да шығармады.