НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен көрмеде жүк пен адам киімін сканерлеудің бірегей жүйесі ұсынылды, деп 24. kz хабарлайды.
Бір қарағанда оның вокзал мен әуежайлардың және мемлекеттік органдардың кіреберістерінде орнатылған жабдықтардан еш айырмашылығы жоқ. Алайда ол тыйым салынған заттарды анықтауға мүмкіндік береді. Олар табылған кезде дисплейде «қару» немесе «есірткі» деген жазу шығады. Әзірлеушілердің айтуынша, жыл сайын Корея Республикасына елу миллионға дейін заңсыз тауарлар әкелінеді. Жабдық есірткі заттарының түрін біледі және оның ұнтақ немесе шөп екенін айтады, бірақ әзірге ол құрамды жүз пайызға анықтай алмайды. Бұл жүйе Оңтүстік Кореяның кеден қызметімен бірлесіп әзірленуде. Сканерлерді пайдалану жыл соңына дейін басталады. Әзірлеушілер оларды алдымен кеден саласы мен Президенттік қауіпсіздік қызметіне пайдалануға береді. Сонымен бірге жабдықтар туралы мәліметтер базасы үнемі жаңартылып отырады. Онда қазірдің өзінде жүз мыңнан астам қару түрлері мен олардың бөлшектері туралы мәліметтер бар. Өйткені қылмыскерлер автомат немесе тапаншаны бөлшектеп тасымалдай алады.
«Қызметкерлер жүктерді жылдам тексеруге тырысады, сондықтан олар әр жүкке бар болғаны 3 секунд уақыт жұмсайды. Сол себептен, есірткі және басқа да заңсыз өнімдер үнемі табыла бермейді. Оларды табу үшін біз дерекқорды үнемі жаңартып отырамыз. Біз бұл жүйені басқа елдермен бірге қолдануды жоспарлап отырмыз. Мысалы, егер есірткінің жаңа түрі Вьетнамда немесе Филиппинде ойлап табылса, онда бұл өнім Кореяға келгенде жүйе оны анықтайды, өйткені ол туралы дерек мәліметтер базасында болады», — деді , сканерлеу жүйесін шығарушы компания өкілі Ким Мён Су.