НҰР-СҰЛТАН, 10 желтоқсан. Ирактан қайтарылған балалардың түгелінің дерлік туыстары табылды, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл – Қазақстанда жүргізілген геномдық сараптама нәтижесі. Туыстығы дәлелденген балаларды жақындары жанына алатын болды. Қазір олар Нұр-Сұлтандағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатыр. Тек бір отбасының 4 бірдей баласын қамқорлығына алуға ет жақындары енжарлық танытып отыр.
Ысқақтың қазіргі арманы – «Бәйтеректің» басына шығу. Бала ғой. Арманын әзірге тек ақ қағазға түсіріп отыр. «Бәйтеректі» әжесімен бірге көрсем дейді. Бұйырса, ол күнде алыс емес. «Алдағы күндері туған әжесі келіп, алып кетеді», деп қуанып отыр.
Ысқақ, 13 жаста: — «Бәйтеректі» салып отырмын. Сары, күлгін түстерді. — «Бәйтерекке» барып көрдің бе? — Жоқ, барғым келеді.
Балалардың бұл орталыққа келгеніне 12 күн болған. Басындағыдай жан-жағына үреймен емес, күлімсіреп қарай бастағаны көрініп тұр. Тек әзірге әлеуметтік оңалту мекемесі карантинге жабылған. Себебі, балалардың бірінен жұқпалы ауру табылған. Қазір ауруханада ем алып жатыр екен. Мамандардың айтуынша, ол қауіпті ауруға жатпайды. Қалған балғындарды осы жерге жеткізілгеннен кейін 15 медицина маманы бастан-аяқ тексеруден өткізген. Денсаулықтарында кінәрат жоқ. Әрі айналасына бейімделе бастапты.
Айбек Қылышбек, психолог: — Басында келген кезде балалар жан-жағына үреймен қарайтын. Бір-бірінен ажырамай жүрді. Егер бір-бірінен ажыраса, күйзеліп жылай бастайтын. Басында келген кезде суық түстерді көп қолданды. Қазіргі күні көріп отырсыз ғой. Біз балаларға бейнероликтер көрсетіп, ертең сендер сабақ оқисыңдар дедік. Суреттер соған байланысты өзгерді.
Ирактан қайтарылған балалардың ең кішкентайы екіге толмаған болса, үлкені 13 жаста ғана. Олардың қасында ортаға бейімдеп, білімін жетілдіретін арнайы мамандар бар. Кішкентайлары ойынның қызығымен жүрсе, ересектері сурет салып, оқып үйреніп жатыр.
Раиса Шер, ҚР БҒМ Балалар құқығы жөніндегі кеңесшісі: — Балаларды еліміздің түрлі өңірлерінде тұратын туыстарына жақын арада, шамамен 12 желтоқсанда беру жоспарланып отыр. Олар қазір бұл жерде туыстарынсыз тұрып жатыр. Себебі оларға геномдық сараптамалар жүргізілді. Алайда, туыстары бас тартқан 4 бала бар. Белгілі бір себептерге байланысты олар балаларды қабылдауға дайын емес. Сондықтан біз ол балаларды асырап алушы отбасына немесе отбасылық үлгіде тәлім-тәрбие беретін мекемеге береміз.
Жәудір көздердің бәрі тұл жетім емес. Ет жақын туысы табылды. Тек, түнде аналарын іздеп жылайтын көрінеді. Алайда, жат ағымның жетегімен бөтен елге барып, жаза басқандықтан олардың әкелері соғыста мерт болған. Аналары сонда өмір бақи бас бостандығынан айырылып, түрмеде отыр. «Ал, балғындар жат елде жетім қалмасын», деп мемлекет оларды елге қайтарып алды.