НҰР-СҰЛТАН, 11 желтоқсан. Елордада Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 14-раунды аяқталды. Процестің кепілгер елдері Иран, Ресей және Түркия бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп 24.kz хабарлайды.
Маңызды құжат 14 тармақтан тұрады. Келіссөздердің бұл жолғы раунды Астана процесінің қажеттілігін тағы бір дәлелдеп көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Келіссөздерге Сирияның қарулы оппозициясының басшылары да келді.
«Иран, Ресей және Түркия Астана процесінің кепілгер елдері ретінде Сирия Араб Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, БҰҰ-ның мақсаттары мен ұстанымдарын бұлжымастан мойындайтындығын қуаттады» делінген ортақ мәлімдемеде.
Бұл ұстанымдар сақталу керек және құрметтелуі тиіс. Дегенмен, Сирия Араб үкіметі делегациясының басшысы Башар Джаафаридің айтуынша, бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде қабылданған мәлімдемені Түркия мемлекеті орындамай отыр. Түркия Сирияның солтүстік және шығыс бөлігінен 8 мың шаршы шақырым жерді басып алған. Сирия өкілі түрік елі қойылған талаптарды орындауы тиіс дейді. Бұл жолғы мәлімдеме 14 тармақтан тұрады. Жалпы, мұндай процестің қажет екендігі тағы айтылды. Себебі, тараптар бір үстелдің басына жиналып, әлемді алаңдатып отырған мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті 14-раунды осымен аяқталды. Соңғы 2 күн ішінде келіссөзге қатысушылар Сириядағы жағдайды одан ары тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер өткізді», — деді ҚР Сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нұрышев.
Сондай-ақ мәлімдеменің бір тармағында терроризммен күресті желеу етіп, заңсыз дербес басқаруға ұмтылу, Сирия жерінде жаңа реалия құруға тырысуды жоққа шығару қажеттігі айтылған. Тараптар Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған және көрші елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұру үшін табандылық танытуға шақырады. Ал, мұнайдан түсетін табыс Сирияға тиесілі болуы тиіс. Бұл орайда, Израиль тарапынан қарулы шабуылдар тыйылмай отыр. Бірлескен мәлімдемеде зорлықпен ұсталып отырған тұлғаларды және кепілге алынған адамдарды босату операцияларын жалғастыру қажеттігі айтылды.
«Бұл раунд өте маңызды. Себебі бұған дейінгі өткен раундттан бері көптеген мәселе қордаланып қалды. Және, атқарылған істер де аз емес. Сирияның біраз бөлігін Американың басып алғаны туралы айттық. Оның ішінде мұнай кен орындарындары бар. Мысалы, Иорданиямен шекаралас жерлердегі кен орындарының қазіргі жайы алаңдатады. Түркия мемлекеті де басып алған жерлер бар. Біздің ел осының бәріне төзіп отыр», — деп мәлімдеді Сирия үкіметі делегациясының басшысы Башар Джаафари.
«Астана процесі Сириядағы тек саяси жағдайдың емес жалпы ахуалдың тұрақталуын жетілдіретін механизм деуге болады. Алға қойған міндеттер жеткілікті. Соны орындау керек. Ең басты мәселе-Сирияға гуманитарлық көмек көрсету және босқындарды еліне қайтару. Осыған баса назар аудармақпыз» , — деді РФ Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев.
Тараптар 14-кездесуді Нұр-Сұлтанда өткізгені үшін Қазақстан билігіне алғыстарын айтты. Келесі раунд 2020 жылдың наурыз айында елордада өтетін болды. Айта кетейік, келіссөздер аяқталғаннан кейін, Ресейдің қорғаныс министрлігі қазақстандық журналист Ақмарал Баталоваға Сирия туралы үздік материалы үшін алғыс хат табыс етті.