НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойды.
Құжаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру.
«Конвенция экстремизм түсінігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді, оның мазмұны мен экстремистік іс-әрекеттің негізгі түрлерін анықтайды. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экстремизимге қарсы күрес саласында өзара іс-қимылын қалыптастырады», — деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.
Конвенцияны іске асыру: ШЫҰ елдерінің аумағында экстремистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге; экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға; экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге; экстремистік идеологияның таралуын уақытылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді.
«Конвенцияның ережелерін іске асыру қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ жаңа заңдар мен өзге де нормативтік актілерді қабылдауды талап етпейді. Себебі әрбір мемлекетте күшіне енген нормативтік актілер пайдаланылатын болады. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді», — деді Н. Білісбеков.