НҰР СҰЛТАН,31 желтоқсан. Германияда жаңа жылғы мейрам қарсаңында қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді, деп хабарлайды 24.kz
Бұл бекер емес. Осыдан үш жыл бұрын бас шаһардың басты алаңдарының бірінде теракт болған. Содан бері билік сақтық шараларына баса мән береді.
Неміс халқы басты мерекесін атап өткенмен, Германияда рождестволық сауда саттық әлі де жалғасып жатыр. Мұнда да лаңкестік шабуылдардан қорғану үшін бетон кедергілер қойылды. Биыл билік аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полицейлердің санын көбейтті. Барлық жерде камералар орнатылды.
«Біз жыл сайын еш үрейсіз мерекелік жәрмеңкелерге барамыз. Егер қорқып, үйлерімізден шықпасақ, бұл лаңкестердің өз мақсатына жеткенін білдіреді. Сол себепті үнемі келіп тұрамыз, өзімізді қауіпсіз сезінеміз», — дейді Берлин қаласының тұрғыны Ханс.
«Мен Голландиядан келдім. Берлинде бетон бөгеттері тұрғанына таң қалған жоқпын, өйткені олар бізде де тұр. Бұл Берлиндегі алғашқы күніміз. Өте жайлы қала», – деді турист Фаё.
Осыдан 3 жыл бұрын Брайтшайдплатц алаңында теракт болған еді. Ол кезде лаңкес жүк көлігімен бір топ адамды қағып, 12 адам көз жұмды. Ондаған тұрғын жарақат алды. 2016 жылы болған қайғылы оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді.