НҰР-СҰЛТАН, 05 қаңтар. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) «Бейбітшілік миссиясы — 2020» оқу-жаттығулары Кемерово облысының «Юргинский» полигонында алғаш рет өтеді, деп хабарлайды КирТАГ.
ШЫҰ-ға мүше елдердің «Бейбітшілік миссиясы-2020» терроризмге қарсы оқу-жаттығулары алғаш рет Кемерово облысының «Юргинский» полигонында өткізіледі», — делінген хабарламада Орталық әскери округтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тамыз айында өтетін халықаралық оқу-жаттығуларға сегіз елдің — Ресей, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстанның Қарулы Күштерінің өкілдері қатысады.
Ауқымды бірлескен оқу-жаттығулар кезінде әскерилер бірлескен күштер тобының антитеррорлық операцияны дайындау және өткізу міндеттерін орындайды.
Баспасөз қызметі «Бейбітшілік миссиясы» оқу-жаттығуы Сібірде алғаш рет өткізілетіндігін хабарлады.
2002 жылдан бастап қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық аясында ШЫҰ-ға мүше елдер үнемі терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп келеді. «Бейбітшілік миссиясы» оқу-жаттығулары олардың ішіндегі ең көлемдісі болып табылады және екі жылда бір рет өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы ШЫҰ халықаралық жаттығулары Ресей Федерациясының Челябі облысының Чебаркуль қаласындағы полигонында өтті.