АЛМАТЫ, 21 қаңтар. Алматы қаласы Бостандық ауданының полициясы есірткі құралдары мен психотроптық заттарды таратуға тыйым салған сайттардың атын жарнамалаған 25 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған А. есімді азаматқа есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын насихаттау және заңсыз жарнамалау айыбы тағылды.
«Есірткіні насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін жаңа заңға сәйкес, ұсталған азамат ҚР ҚК 299-1 бабы бойынша бас бостандығынан айырылады. Ол тыйым салынған сайттардың атын көпқабатты үйлер мен өзге де үй-жайлардың қабырғаларына арнайы спрей бояу арқылы жазған. Әрине, ол осы қызметі үшін ақша алған. Бұл үшін заң 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды» — деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.