НҰР-СҰЛТАН, 22 қаңтар. Тәжікстанда тыйым салынған «Мұсылман ағайындар» («Ихвон-ул-муслимин») қозғалысының мүшесі деген күдікпен ұсталғандар саны 70-ке жетті, деп centralasian.org хабарлайды.
Ел билігі әзірге бұл жәйтқа қатысты ешқандай пікір білдірмей отыр.
Азаттықтың тәжік қызметі құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйеніп хабарлағандай, соңғы екі аптаның ішінде аталған қозғалыс мүшесі деп қамалғандардың саны көбейіп жатыр.
Ақпаратқа қарағанда, 20 қаңтарға дейін кемінде 70 адамға қылмыстық іс қозғалған. Олардың бәрі «экстремистік қозғалысты ұйымдастыру» және «тыйым салынған ұйымға мүше болу» баптары бойынша айыпталып жатыр.
Қамалғандардың арасында Тәжікстанның шет тілдер институтының қызметкерлері, Тәжік мемлекеттік медициналық университетінің кафедра жетекшісі, Исфара қалалық мүлік басқармасының басшысы және белгілі кәсіпкер бар екені айтылады.
Тәжікстанда «Мұсылман ағайындар» қозғалысының іс-әрекетіне 2006 жылы Жоғарғы соттың шешімімен тыйым салынған. 2016 жылы бұл ұйымға қатысы бар және жастарды Сириядағы соғысқа азғырған деген күдікпен елдің солтүстігінде бес имам қамалып, әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылған.