НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар. Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойған. Құжаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтің айтуынша, конвенция экстремизм түсінігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді, оның мазмұны мен экстремистік іс-әрекеттің негізгі түрлерін анықтайды. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экстремизмге қарсы күрес саласында өзара іс-қимылын қалыптастырады.
Конвенцияны іске асыру: ШЫҰ елдерінің аумағына экстремистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге; экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға; экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге; экстремистік идеологияның таралуын уақтылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді.
Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын Парламент Сенаты жалпы отырысының қарауына шығару туралы шешімді қабылдады.