НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан. Самарқандта ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекара ведомстволары басшыларының аймақтық кездесуі өтеді, деп хабарлайды УзТАГ .
«2020 жылдың наурыз айында Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекара ведомстволарының басшыларының 5-ші аймақтық кездесуі өтеді», — деп хабарлайды Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметі.
Кеңеске Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның шекара ведомстволарының басшылары мен Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметі қатысады.
Бақылаушылар ретінде Ауғанстан Ислам Республикасы ІІМ шекара полициясы басқармасы мен Қорғаныс министрлігі Шекара әскерлерінің басшылары шақырылды.
Кеңес барысында ТМД – ға мүше мемлекеттердің Ауғанстанмен сыртқы шекараларындағы жағдайдың ерекшеліктері мен даму үрдістерін қарастыру, сондай-ақ Орталық Азия бағытында шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен шаралар әзірлеу жоспарлануда.