АЛМАТЫ, 17 наурыз. Алматы облысының тұрғыны өзінің ас бөлмесінде героин сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі сақтап, оны сатқаны үшін Боролдай ауылының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ол 0,22 грамм есірткі затын өткізіп, өзі тұратын үйде 302,95 грамм героин сақтаған.
“Бізге күдіктінің есірткі сақтағаны және өткізгені туралы ақпарат түсті. Жедел іс-шаралар барысында біз одан есірткі сатып алатын боп арнайы операция өткіздік. Сөйтіп С. есімді азаматтан біздің сарапшылар 0,22 грамм героин “сатып алды”. Осыдан кейін, сот санкциясына сәйкес жүргізілген тінту кезінде С. есімді азаматтың үйіндегі ас бөлмеден полиэтилен пакет табылды. Сот-химиялық сараптама оның героин екенін растады”, – деп хабарлайды Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Қазбек Мухамедов.
Күдікті уақытша ұстау изолияторына алынды.
“Допинг” жедел-алдын алу шарасы өткен үш күнде Алматы облысының аумағында есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 24 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның қатарындағы үш қылмыс аса ірі көлемде – екеуі есірткі затын өткізу және біреуі сақтау. Есірткі заттарын өткізу және сақтау деректері ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі, 296-баптың 4-бөлігі сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.