ҚОСТАНАЙ, 17 наурыз. Рудный қаласында орталық базарда жарылғыш зат қойылғанын айтқан 34 жастағы ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Рудный қаласы полиция бөлімінің мәліметінше, оқиға бүгін сағат 14:00 шамасында болған. Полицияға 50 лет октября көшесіндегі «Бак-Бак» базарына «бомба» қойылғаны туралы анонимді хабарлама түскен.
«Тергеу амалдарын жүргізу барысында осы ақпарат тексерілді. Жарылғыш зат табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері жалған хабар таратқан 34 жастағы ер адамды анықтады», — делінген полицияның ақпаратында.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазір күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.