ПЕТРОПАВЛ, 09 сәуір. Петропавлда есірткі граффитиінің саны азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Синтетикалық есірткілерді сату жүзеге асырылатын веб-ресурстардың сілтемелері бар жазулар петропавлдық үйлердің қабырғаларында сирей бастады. Бұған жазаның қатаңдатылуы, жауапты азаматтардың белсенді ұстанымы мен СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасы қызметкерлері ойластырған есірткі граффитиге қарсы күрес механизмі себеп болды.
Ұзақ уақыт бойы қауіпті жазулардың авторларын бұзақылық жасағаны үшін ғана жауапқа тарту мүмкін болды. Қарсы күресудің негізі әдісі граффитилерді бояу. Полицейлер еріктілерге көмекке жүгініп, ПИК өкілдерімен іс-қимыл жасау мәселесін пысықтады. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде WhatsApp мессенджерінде “СҚО есірткіге қарсы” чаты жарнамаланды. 8-707-500-96-65 нөміріне жауапты тұрғындар есірткіні жарнамалайтын фотолар мен мекенжайларды жібереді, ПИК төрағалары немесе ЕҚҚІБ қызметкерлері оларды бояп, чатқа фото есептерді орналастырады.
“2020 жылғы 11 қаңтарда ҚР Қылмыстық кодексіне “Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау” 299-1-бабы енгізілгеннен кейін азая бастады”, — дейді СҚО ПД ЕҚҚІБ басшысы Жандос Басыбаев. — Енді есірткі граффитиді таратушыларға 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңнамадағы өзгерістер туралы біз халықты БАҚ арқылы хабардар еттік, әлеуметтік желілерге бейнеролик дайындадық. Жазулардың саны күрт азайды. Өткен жылдың бірінші тоқсанында 157, биылғы жылы 112, оның ішінде басым бөлігі қаңтар айында боялды”.
Бүгінгі таңда “СҚО-ның есірткіге қарсы” чатының белсенділігі бәсеңдеді – адамдар әдеттегі өздері жүретін бағыттарында жаңа граффитиді кездестірмейді. Тәртіп сақшылары тыйым салынған заттарды тікелей таратушылармен күресуге баса назар аударады. Жыл басынан бері Telegram мессенджерінде заңсыз есірткі сатуды жүзеге асырған екі интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Олардың ұйымдастырушылары ұсталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша күнделікті жұмыс жалғасып келеді.
Мәселен, 8 сәуір күні Мамлют ауданында 33 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды, одан ірі көлемге жататын, салмағы 730 граммнан аса кептірілген марихуана салынған пакет алынды.
Жалпы алғанда, СҚО полицейлері жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымы саласында 57 құқық бұзушылықты анықтады, олардың 18-і сату фактісі болып отыр. Төрт келі есірткі тәркіленді, оның ішінде шамамен бір келісі синтетикалық, 300 гр. жуық героин, 2,7 келіден аса марихуана.