АЛМАТЫ, 28 сәуір. ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Алматы қаласының аумағында синтетикалық есірткі заттарын өткізуге қатысы бар есірткі тобының заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
Сонымен, 2020 жылғы 16 сәуірде ҰҚКД қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында 300 грамм мөлшерінде синтетикалық есірткі өткізу кезінде Алматы қаласының «С» деген тұрғынын ұстады.
Осы факт бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармақшаларына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Соңғы кездері Алматы қаласының аумағында синтетикалық түрдегі есірткіні жасырын қолдан жасау және өткізу фактілерінің артуы байқалатынын атап өту керек.
Атап айтқанда, соңғы уақыт ішінде ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткі құралдарының заңсыз айналымының 16 фактісінің жолын кесті, заңсыз айналымнан 9 кг астам психотроптық зат пен 986 литр химиялық қоспа алды. Үш жасырын зертхананың әрекеті тоқтатылды. Есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 13 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.