НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр. Бейсенбі күні Ауғанстанның шығысындағы Пактия провинциясының әкімшілік орталығы Гардез қаласында бомба жарылып, кем дегенде бес адам қаза тауып, тағы 46 адам жарақат алды. Бұл ақпаратты жасырын болып қалуды қалаған провинция әкімшілігінің қызметкері растады, деп жазады Синьхуа агенттігі .
Оның айтуынша, шабуыл жергілікті уақыт бойынша сағат 08:30 басталды. Бомба тиелген көлікті басқарған лаңкес Гардез қаласындағы Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің ведомстволық бағынышты құрылымына шабуыл жасамақ болған.Лаңкес осы мекеме ғимаратының алдына жарылғыш затты іске қосты. Жарылыс жақын маңдағы басқа мемлекеттік органдардың ғимараттарына да әсер етті. Оқиға кемінде бес бейбіт тұрғынның өмірін қиды, әскери қызметкерлерді қосқанда тағы 46 адам жарақат алды.
«Талибан» қозғалысының* ресми өкілі Забиулла Муджахид шабуылға талибан жауапты деп әлеуметтік желілерде мәлімдеді.
Соңғы кезде Ауғанстанда бірқатар лаңкестік шабуылдар болды. Сейсенбі күні Кабулдағы аурухана мен Нангархар провинциясында жерлеу рәсімінде екі шабуыл болып , 61 адам, оның ішінде төрт шабуылшы қаза тапты.
* Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйымдар