НҰР-СҰЛТАН, 01 маусым. Ауғанстан үкіметі мен «Талибан» қозғалысы 18 жылға созылған соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келісім бойынша тұтқындар алмасты, деп centralasian.org хабарлайды.
АҚШ-пен «Талибан» қозғалысының ресми өкілдері ақпан айында қол қойылған бейбіт келісімге сәйкес, ауған үкіметі 5 мыңға жуық талибті, «Талибан» қозғалысы болса мыңға жуық тұтқынды босатуы тиіс болған.
Ауғанстан Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Жавид Файсал Пул-э-Чархи, Парван түрмелеріндегі 710 талибтің босатылғанын хабарлады.
АҚШ мен талибтер арасындағы келісімге сәйкес, осы уақытқа дейін 2 700 тұтқын алмасты. «Талибан» қозғалысы Ауғанстан қауіпсіздік күштерінің Балх, Кундуз, Логар, Пактия, Хост және Пактика провинцияларындағы 73 өкілін босатқанын хабарлады. Қозғалыстың Катартағы кеңсесінің баспасөз хатшысы Сухаил Шахин талибтер 420 тұтқынды босатты деді.