Бүгінгі таңда бұқара халықтың арасында «жат ағымдағылар», «адасқандар», «деструктивті ағымның жетегіндегілер» деген атпен танымал, дінбұзар ағым өкілдерінің жұртты дүрліктіріп, жаңалық беттерінде орын тауып жатқан жайы бар.
Десек те, олардың балалары жайлы осы күнге дейін сөз қозғалған емес. Өткен жылы «Жусан» гуманитарлық операциясымен елге оралған жас ұрпақтың оңалуына біршама жағдай жасалып жатқанынан азды-көпті хабардармыз. Олардың қоғамға қайта бейімделіп, саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақ болып өсетініне сенім артамыз, деп kazislam.kz сайтында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Нұрзия Ниязбекованың мақаласында жазылған.
Ал осы Қазақстанда жүрген, өздерін «таза ислам дінін ұстанушы», «сәләфи» деп атап алған отандастарымыздың балалары қандай күй кешуде? Қалай тәрбиеленуде? Осы мәселе төңірегінде қызмет барысында кездескен мәселелерді сөз еткенді жөн көрдім.
Деструктивті діни ағымдағылардың көбісі жанұялы, отбасында бірнеше баладан бар. Олармен кездескенде біз әрдайым олардың балаларының көп жапа шегіп жүргенін байқаймыз. Балалардың өз құрбы-құрдастарымен жақын араласуына тыйым салынған. Мектептен тыс уақытта кішкене бүлдіршіндер қоғамнан мүлдем шет қалады десек те болады.
Ал, әке-шешесі оларға мектеп қабырғасында кей пәндерге, атап айтсақ, музыка, бейнелеу өнері сынды пәндерге реті келсе қатыспауға шақыратын көрінеді. Білім ұясының ауласынан шыға бере хиджап сынды діни киімдерді киюге мәжүрлейтіні тағы бар. Мұндай киімдегі қыз балаларды өзге балалар «кемпір» деп келеке етіп, күлкі етеді екен.
Бұдан бөлек, әсіредіншілдердің балалары мектептегі мерекелік іс-шаралардан да жырақ жүруге тырысады. Өйткені, үйіндегі ата-анасы «Жаңа жыл», «8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні» және өзге де айтулы күндердің дінге қарсы екенін айтып сендірген. Осы тыйымдардың барлығы бала психологиясына қаншалықты ауыр соққы болғандығын өзіңіз бағамдай беріңіз…
Бірде қызмет бабында жат ағымның ықпалынан айыққан әйел кісімен әңгімелестік. Оның айтуынша, күйеуі әрдайым оның үйден себепсіз шығуына қарсылық білдіреді екен. Себебі, көшеде бөтен еркектер, «фитна», музыка сынды қоғамдағы құбылыстар олардың «иманын» бұзуға әкеледі деген көзқараста.
– Біз көпқабатты үйде тұрғандықтан, мен далаға балаларымды да шығармайтынмын. Көршілерімнің балаларымен де ойнауына қарсы едім. Олардың ата-аналары «Алланы танымаған», «балаларына оңған тәрбие бермеген», «бірге ойнаса, олар бұзылып кетеді» деп сақтанатынмын. Солай балапандарымның балалық шағы төрт қабырғаның ішінде өте берді. Арасында мультфильмдер көрсететінмін, онда да дыбыссыз күйде. «Құлағы музыкаға үйреніп кетпесін» деп күйеуім ескерткен болатын, – дейді әлгі біз сөйлескен әйел.
Әсіредіншілдердің балаларға ойыншық сатып алып берерде де өз ұстанымдары бар болып шықты. Айтуынша, ойыншық сатып алғанда «ән айтпайтын, билемейтін», «көзі жоқ», яғни тірі жанға ұқсамайтындарын ғана сатып алуға рұқсат.
Тағы бір псевдосәләфизмді ұстанушының әйелінің айтқаны біздің төбе шашымызды тік тұрғызғаны бар. Ол ұлының ең алғаш мектеп табалдырығын аттағанда қатты шошынғанын айтады. Себебі, әбден қараңғылықта өскен бала қатты жылап, мұнда қалуға қорқатынын қайталап айта берді дейді.
Болған жайтты күйеуіне жеткізгенде, «үйреніп кетеді, балалармен етене араласпағаны да дұрыс бір шетінен. Мұғаліміне айт, біздің ұлға Гимн айтқызбасын. Мектептегі мерекелік шараларына да қатыспайтынын ескертіп қой!» деген күйеуінен жауап алған.
Мұндай жағдайлар тәжірибемізде жиі ұшырайды. Бірақ, ата-аналарынан асып, балаларға қол ұшын созуға мүмкіндігіміз аз. Тіпті, кей ата-аналар өз балаларын Отанға, мемлекетке қарсы дайындайтынын да байқаймыз. Балалардың өз туған ата-анасынан көп шапа шеккенін көреміз.
Бұлай тәрбиеленген баланың болашақта қоғамға етене араласып, өз орнын табуы әсте қиын. Сондықтан мектеп психологтары мұндай оқушылармен жіті жұмыс жасағаны дұрыс. Мектеп қабырғасында олармен жеке сөйлесіп, барынша жақын тартуы тиіс. Ұстаздар оқушыны сырлас дос ете біліп, қоғамға етене араластыра білгені абзал.