НҰР-СҰЛТАН, 03 шілде. Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі Карачай-Черкесс республикасы аумағында Ресейде тыйым салынған «Ат-Такфир Валь-Хиджра» экстремистік діни бірлестігінің бес белсенді мүшесін ұстады, деп РФ ФҚҚ баспасөз қызметі хабарлайды.
Бірлестіктің мүшелері радикалды идеологияны белсенді насихаттап, діни-экстремистік қызметке жаңа жақтаушыларды тартқан. Олар діндарларды зайырлы заңдар мен азаматтық қоғам институттарын қабылдамауға шақырды, сонымен бірге Солтүстік Кавказ жерінде теократиялық ислам мемлекетін – «Халифатты» құруды қолдады.
«Ат-Такфир Валь-Хиджра» жақтаушыларының (Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым) тұрғылықты және жасырын түрде жиналатын мекен-жайлары бойынша жалған діни экстремистік әдебиеттің 45 данасы, радикалды уағыздаушылардың дәрістері жазылған 10 қолжазба мәтіндері, атыс оқ-дәрілермен атуға арналған травматикалық тапанша, оның оқ-дәрілері, аңшылық шолақ мылтық, пневматикалық тапанша және суық қару табылып, тәркіленді.
Жиналған материалдардың негізінде Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі Ресейдің Қылмыстық кодексінің 282.2 бабының 1 және 2 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады
Ұсталғандар кінәларын мойындап, жауап беруде. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда.