НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде. Кемерово облысында тәртіп сақшылары 24 және 27 жастағы екі жергілікті тұрғын ұйымдастырған есірткі зертханасының қызметін тоқтатты. Бұл туралы аймақ бойынша ІІМ Бас басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап REGNUM ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Күдіктілер қылмыс үстінде қолға түсті. Теміртау ауылындағы ер адамдардың бірінің пәтерінде серіктестер заңсыз заттарды жасап, түйіп сатуға дайындаған.
«Үй-жайларды тінту кезінде тәртіп сақшылары жалпы салмағы 20 грамм болатын мефедрон есірткісі мен 5 келіден астам прекурсорларды, сондай-ақ синтетикалық есірткі жасау үшін қолданылатын зертханалық жабдықты тауып алып, тәркіледі», — деп хабарлады министрлік.
Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Енді олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.