Терроризмге қарсы комитет

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Контртеррористический комитет

Официальный сайт республиканского общественного объединения

110

Терроризмге қарсы қызмет телефоны

Жедел телефон желісі

+77010222030

Терроризм және Ислам –  бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз. Дін – ғылым мен мәдениеттің тамыры. Бүгінгі күнгі осы бағалы құндылығымыздың қадірін кетіріп, құнын түсіруді мақсат еткен жағдайлар орын алып жатқаны баршаға аян. Оның жанданып келе жатқан эволюциялық процесiне қол сұғушылық қоғамда әдеттен тыс құбылыстар мен уақиғалардың өрбуiне апарып соқтыруы мүмкiн, деп kazislam.kz сайты жазады.

Әдеттен тыс құбылыстар мен уақиғалар көбiнесе әлеуметтiк жарылыстар мен бүлiк, қатыгездiк пен қақтығыстар түрiнде пайда болады. Бұны жақсы бiлетiн терроршылар мен анархист топтар қоғамның рухани құндылықтарына шабуыл жасап отырады, оларды зақымдап, талқандағысы келедi.

Ғаламдастыру дәуiрiнде күнбе-күн өзгерiп жатқан технология мен ақпараттар ағынындағы қоғамды әртүрлi саяси-дiни ұрандармен арбайды және ел iшiнде түсiнбеушiлiктi таратады.

Әлеуметтік психологияда «үрей гипнозы» деп аталатын жағдай бар. Үрей гипнозына шалдыққан қоғамдар бейғам, самарқау, пассив, немқұрайлы халге жетедi. Әдетте психологиясы сау қоғамдар дереу қарсылық көрсететiн нәрселерге мұндай қоғамдарда күштi қарсылық көрсете алмайтын ахуал қалыптасады.

Сондай-ақ, маскүнемдiк, ұятсыздық, ұрлықшылық, қару-жарақ саудасы, құмар бизнесi әлеуметтiк сипат алады. Бұл келеңсiз жағдай қоғамның өзiн-өзi қорғау және дамыту қабiлетiн есеңгiретiп жiбередi де, терроршылардың iс-әрекетiне қолайлы ортаны әзiрлейдi.

Терроризм және Ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бас­тап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм Исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.

«Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, жас-кәрі демей аяусыз өлтіруді мақсат тұтады.

Бүгінгі таңда халықаралық терро­ризм және діни экстремизм асыл ді­ні­міз Исламға залалын тигі­зуде. Террористер – Құранның негізгі қағи­даларын да білмейтін діни сауатсыз адамдар. Алла тағала адамдарға өзі бел­гі­леген шектен шықпауды бұйырды және жерде зұлымдық жасауға, әділет­сіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды.

Бұған байланысты қасиетті Құранда «Алла өзі қойған шектен шыққандарды ұнат­пайды» деген ескерту бар. Сонымен қатар, мұсылман баласы Жаратушы Иесінің алдында өзге адамдарға қылмыс жасамау тура­лы ескертпегендіктері үшін де жа­уап береді.

Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше игілік пен ізгілікке ұм­тылуы тиіс. Алланың қасиетті Кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған. Құранның «әл-Ағраф» сүресінің 56-аятында «Тәртіпке келтірілгеннен кейін жер бетінде бұзықтық жасамаңдар» делінеді.

Өз-өзіне қол жұмсау – аса үлкен күнә. Мұсыл­ман ғұламалары жарылғыш заттарды байлап, жазықсыз жандар арасында өзін-өзі жарып жібе­ретін­дерді қатты айыптайды. Өйткені, Алла тағала өзін-өзі өлтіруге ашық тыйым салған.

Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер», – деген әмір бар. Сондықтан Аллаға деген сені­мі зор және Құранның жолымен жүретін мұсылман баласы мұндай әрекетке ешуақытта бара алмайды.

Ислам өнегесінің негіздері – қайырымдылық, жомарттық, адам­дарға ізгі ниеттілік, кешірім және әділдік. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Өмірде пайдалы іс істейтін адамдар – Алланың сүйікті құлдары болып саналады. Ал ең пайдалы іс – мұсыл­ман бауырыңа қиналғанда қол ұшын беру, ашыққанда – азық беру, тарыққанда – қарызын өтеу. Мұсыл­ман бауырыңа жасаған жақ­сы­лығың – мешітте бір ай бойы жатып, дұға айтқаныңнан да артық. Шын­дығында, сірке суы қалай тәтті балды бұзса, жаман мінез-құ­лық та солай өмірін бұзады», – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің тағы бір хадисінде:

«Кім адам­дарға жақсылық жасаса, Алла соған мейі­рімін төгеді. Жер басып жүрген жан­дарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге ра­қым­шылық жасайды», – дейді.

Ел ішінде террорлық әрекеттердің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді:

  • халықтың әлеуметтік жағдайы;
  • діни сауаттылықтың төмендігі;
  • заңдардың әлсіздігі;
  • адамдардың өмір сапасының төмендігі;
  • ішкі әлеуметтік саяси фактордың әсері.   

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында экстремистік-террорлық сипаттағы діни ұйымдарға қатаң түрде тыйым салынды. Олардың қатарына «Аль-Каида», «Алля-аят», «Асбат аль-ансар», «Аум-Синрике», «Боз Гурд», «Мұсылман бауырлар», «Орталық Азиядағы джаматта моджахедтар», «Шығыс Түркістанның исламдық партиясы», «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс», «Күрд Халық Конгресі», «Лашкар-и-Тайба», «Шығыс Түркістанды азат ету қоғамы», «Талибан» қозғалысы, «Хизб-ат-Тахрир-Аль-Ислам», т.б. жатады.

Жалпы, Ислам діні терроризмді құптамайды. «Ислам» сөзі – бейбітшілік, тыныштық, аман-саулық деген мағыналарды білдіргендіктен, қоғам арасында бүлік тудырып, хаос шығаруға шариғи тұрғыда қатаң тыйым салады.

Экстремистік-террорлық діни ағымдар Исламдағы «жиһад» ұғымын соғыс ашу мағынасында түсіндіреді. Бірақ, жиһадтың үлкені – өз қалауыңмен, нәпсіңмен күресу. Қарумен күш қолдану жиһадтың кішісіне жатқанымен, оған арнайы мемлекеттің рұқсаты, сонымен қатар, дін ғалымдарының ортақ пәтуалары қажет.

Бұл жерде біз жиһад пен терроризмді шатастырмауымыз керек. Ислам мен терроризмді қатар түсінуге болмайды, мұндай қылмыс түрі тек мұсылман мемлекеттерінде ғана емес, батыс елдерде де кездесетін құбылыс. Бірақ, олардың «христиандық терроризм» деп аталмауының артында діни-саяси идеологиялық күрестің жатқандығы белгілі. Қандай жағдай болмасын, еліміздегі әртүрлі діни құбылыстарға төтеп беру үшін діни сауаттылықпен қатар біртұтастық пен бірлігіміз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *