НҰР-СҰЛТАН, 03 қыркүйек.Ираннан Қазақстанға Әзірбайжан аумағы арқылы 305 кг астам героин контрабандасының алды алынды, деп Әзірбайжан Мемлекеттік кеден комитетінің баспасөз және қоғаммен байланыс басқармасы хабарлайды. Бұл туралы АПА агенттігіне сілмете жасай отырып zakon.kz жазады.
Оңтүстік аймақтық Бас кеден басқармасының жедел басқармасына келіп түскен ақпарат негізінде «Астара» кеден бекетінде Иран Ислам Республикасының азаматы Аразигожог Абдолраззаг Морадголи оглу басқарған «Traktor» (27a455/56-10) маркалы жүк көлігі ұсталды, делінген Әзірбайжан Мемлекеттік кеден комитетінің баспасөз және қоғаммен байланыс басқармасының хабарламасында.
Құжаттарда осы көлікте Әзірбайжан Республикасының аумағы арқылы Иран Ислам Республикасынан Қазақстан Республикасына транзитпен «ауылшаруашылық техникасы – соқа» тасымалданатыны көрсетілген.
Бірақ аталған көлік құралын кинологиялық қызмет итімен тексеру кезінде 22 бірлік ауыл шаруашылығы жабдығының 12-інде салмағы 305 кг 289 гр болатын 598 орам героин табылды.
Факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, 2 маусымда Әзірбайжанның кеден органдары Ираннан Австрияға 281 келі героиннің контрабандасын тоқтатқаны туралы хабарланған болатын .