СЕМЕЙ, 04 қыркүйек. Семейде қала әкімдігінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығы жайлы жалған хабарлаған 16 жастағы жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Семей қалалық полиция басқармасының сақшыларымен бірлесіп, терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаған күдіктіні анықтады.
«102 каналына қоңырау шалған белгісіз адам қала әкімдігінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығын айтқан. Кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында полиция күдіктіні қолға түсірді. Ол Семей қаласының 16 жастағы тұрғыны болып шықты», — делінген ведомство мәліметінде.
Тергеу кезінде анықталғандай, жасөспірімнің осы сынды тағы бір қылмысқа қатысы бар. Ол биылғы 8 тамызда Шәкәрім даңғылындағы тұрғын үйде және сауда орталықтарының бірінде бомба қойылғандығы туралы жалған SMS хабарлама жіберген.
«Кәмелеттік жасқа толмаған бала өз кінәсін мойындады. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жалғасуда», — деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.