НҰР-СҰЛТАН, 08 қыркүйек. «Талибан» радикалды қозғалысының содырлары (ҚР тыйым салынған) Тәжікстанмен шекарада орналасқан ауған уезін басып алуға әрекет жасады, деп Ауғанстан ұлттық армиясының 217-ші корпусының баспасөз орталығына сілтеме жасап Sputnik Тәжікстан жазады.
Бадахшан провинциясындағы Вардудж уезі туралы айтылған.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 7 қыркүйекке қараған түні тәлібтер Тәжікстанмен шекаралас ауданды басып алмақ болған.
Ауғанстанның құқық қорғау органдарының қызметкерлері содырларға тойтарыс бергені атап өтілді, нәтижесінде тәлібтер қақтығыс болған жерден шегініп, кетуге мәжбүр болды.
«Қақтығыс барысында 4 содыр өлтірілді, тағы 6-сы жарақат алды», — деп хабарлады Ауғанстан ұлттық армиясының 217 корпусының баспасөз орталығы.
Тәлібтер Вардудж уезін бес жыл бұрын басып алған. 2019 жылдың қыркүйек айының басында ауған әскерилері кең ауқымды терроризмге қарсы операция өткізіп, оның барысында аумақты содырлардан босатып алған.