ТАЛДЫҚОРҒАН, 07 қазан. Алматы облысында үйінде есірткі сақтаған күдікті 11 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған рецидивист болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Талғар ауданынлағы Тұздыбастау ауылының тұрғынын ұстады.
«Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 37 жастағы азаматтың жеке үйіне қызметтік итпен тінту жүргізіп, сатының астындағы пакеттен есірткі өнімі табылды. Сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген есіртікі заты гашиш болып шықты.Оның жалпы салмағы 1 келі 586 грамм.
Күдікті бұрын есірткіні пайдаланғаны, сақтағаны үшін 4 рет және біреудің мүлкін ұрлағаны үшін 7 рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған рецидивист болып шықты. Соңғы соттылығы 2020 жылдың маусым айында өтелген. Ұсталған азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.
Аталған дерек ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Осы құқық бұзушылық үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.