НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан. 29 қазанда Францияның Ницца қаласындағы шіркеуге бір адам пышақпен шабуыл жасап, үш кісіні өлтірді. Франция прокуратурасы терроризм күдігімен тергеу бастады, деп azattyq.org жазады.
Франциядағы оңшыл саясаткер Марин Ле Пен шабуылдаған адам бір әйелдің басын кескенін жеткізді. Бұл ақпаратты Франция билігі ресми растаған жоқ.
Ницца мэрі Кристиан Эстрози Twitter парақшасында шабуыл қаладағы Нотр-Дам шіркеуінің жанында не ішінде болғанын, полиция шабуылдаған адамды ұстағанын хабарлады. Оның сөзінше, күдікті қазір ауруханада жатыр.
Эстрози шабуылдаған адам бірнеше рет «Аллаху Акбар» деп айғайлағанын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон Ниццаға жолға шыққаны хабарланды. Полиция шабуылдан бірнеше адамның жарақаттанғанын айтты.
Ниццадағы шабуылға не түрткі болғаны белгісіз. Франция ішкі істер министрі Ницца жұртын қаланың орталығына шықпауға шақырды.
Франциядағы мұсылман діні бойынша кеңес Ниццадағы бұл шабуылды сынады.