НҰР-СҰЛТАН, 01 қараша. Франция полициясы Ниццадағы Нотр-Дам шіркеуіне шабуыл жасады деген күдікпен үш ер адамды ұстады, деп AFP агенттігіне сілтеме жасап Deutsche Welle хабарлайды.
Қылмыс жасалған күні шабуылдаушымен байланыста болған 35 жастағы ер адам қамауға алынды. Қылмыскердің алғашқы ықтимал серіктесі — 47 жастағы ер адам бірнеше сағат бұрын қамауға алынды. Тергеу оның шабуыл алдында террористпен байланысқандығына күдіктенеді.
30 қазан күні кешке пәтерде жасырынған 33 жастағы ер адам ұсталды.
«Біз оның бұл істегі рөлін анықтауға тырысамыз», — деді полиция өкілі.
Еске сала кетсек, 29 қазанда шабуылдаушы Ниццадағы Нотр-Дам базиликасын баса көктеп кіріп, келушілерге пышақпен шабуылдады. Бір жаралы әйел алдымен қашып, барда паналады, бірақ кейіннен алған жарақаттарынан қайтыс болды. Кем дегенде үш адам қаза болды, алтауы жарақат алды. Тергеу барысында шабуылдаушы жақында Францияға Италиядан келген Брахим Иссауи есімді 21 жасар тунистік екендігі анықталды.
Полиция оны атып, ұстамас бұрын шабуылдаушы бірнеше рет «Аллаху Акбар!» деп айқайлаған. Шабуылдаушыдан жауап алу оның алған ауыр жарақатына байланысты әлі мүмкін емес. Францияда бұл істі терроризммен күрес жөніндегі прокуратура қарайды. Тунисте де тергеу басталды.