НҰР-СҰЛТАН, 5 қаараша. Бүгінгі таңда «терроризм» ұғымы – өте көп қырлы құбылыс. Қазіргі заманғы терроризм халықаралық қауымдастықтың назарын талап ететін жаһандық проблеманың сипаттарына ие болды. Терроризм ұғымын зерттеу кезінде осы құбылысты зерттеу әдістері мен тәсілдері туралы пікірталастар туындады, деп әлеуметтік ғылымдар магистрі Б. Сабырбайдың kazislam.kz сайтында жарық көрген мақаласында жызылған.
Мұндай тәсілдердің бірі – қорқыту сияқты терроризмнің ерекше белгісін мойындау, тану. Терроризмнің құрамын анықтап қарастыратын болсақ, олар: адам өміріне қол сұғу, кепілге алу, қорқыту, сот төрелігіне, басқару жүйесіне, мемлекеттік билікке қарсы қылмыстар.
Көптеген зерттеушілер террорлық актілерді жүргізу үшін келесі шарттар қажет деп санайды:
- ақша, қару және жарылғыш заттар;
- әскери білім және террористік бандалар мүшелерін оқыту мүмкіндігі;
- террористерді өздерінің аумақтарында ғана емес, өздерінен тыс аумақтарда да қолдау көрсететін мемлекеттер және оларды өздерінің саяси, әскери мақсаттарында пайдалану, сенімді паналау орны [1].
Қазіргі уақытта әдеттегі ауызекі тілде «террор», «терроризм» және «террорист» ұғымдары жиі араласып қолданылады. «Террор» дегеннің не екенін түсіну үшін сөздің латынша мағынасына жүгіну қажет.
Террор (лат. terror – қорқыныш), атап айтқанда, террористер террорлық актілерді жүзеге асыра отырып, эмоционалдық күйді туғызуға ұмтылады. Олар үшін террорлық акт тек қана адамдарды қорқыныш жағдайына әкелетін құрал, әдіс. Жалпы, «террорист – террорлық акт – террор» тізбегінің барлығы тұтас құбылыс ретінде терроризмді құрайды [2].
Терроризм – бұл жеке тұлғаларға немесе ұйымдарға қатысты зорлық-зомбылық немесе оны қолдану қатері, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру немесе билік органдарының терроршыларға тиімді шешімдер қабылдауына ықпал ету немесе олардың заңсыз мүліктік және (немесе) өзге де мүдделерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын адамдардың қаза табуы, елеулі мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау қаупін туғызатын мүлікті және басқа да материалдық объектілерді жою (бүлдіру); мемлекет немесе қоғам қайраткерінің өміріне оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған қол сұғушылық; егер бұл әрекет соғысқа арандату немесе халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса, шет мемлекеттің өкіліне немесе халықаралық қорғауды пайдаланатын халықаралық ұйым қызметкеріне, сол сияқты халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдардың қызметтік үй-жайларына не көлік құралдарына шабуыл жасау [3].
Э. Шоу жүргізілген зерттеулер нәтижесінде адамды терроризмге алып келетін 4 факторды көрсетеді:
Оның пікірінше, мұндай факторлар:
1) ерте әлеуметтену;
2) нарцистік бұзылулар;
3) қақтығыстық жағдайлар, әсіресе күш құрылымдарымен конфронтация (полициямен);
4) террористік ұйымдар мүшелерімен жеке байланыс [4].
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, террористер біріншіден, тәуекел топтарындағы индивидтер, екіншіден, өзін-өзі бағалауы төмен адамдар [5]. Сондықтан олар үшін белгілі бір әлеуметтік рөлді қамтамасыз ететін топқа жататындығы маңызды фактор болып саналады. Осындай топ мүшелігінен көпшілігінің шығуы мүмкін емес, өйткені бұл тек физикалық жойылу ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан кісі өлтіру немесе өзін-өзі өлтіру, немесе өзін- өзі жоғалтумен тең. Бұл, біздің ойымызша, террористік топ мүшесінің өзін-өзі бағалауының төмендігіне байланысты.
Террористік топқа қосылу кейбір әлеуметтік тұрақтылық пен мәртебеге ие болуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты оларды ұйымдастыруға қарсы кез келген сөз олардың жеке басына тіл тигізу ретінде қабылданады, ол топтық бірлікті едәуір арттырады.
Екінші жағынан, әлем ол үшін ақ және қара, дұрыс және дұрыс емес, өзіндік және өзіндік емес, яғни жау, сондықтан түсініксіз, күмән жоқ. Осындай өмірлік ұстаныммен өмір сүру әр жолды таңдау жасап, өз қадамының дұрыстығына күмәнданғаннан гөрі әлдеқайда ыңғайлы.
Әрине, террористік ұйымның, кез келген авторитарлық құрылым сияқты, өзінің қатаң иерархияланған жүйесі болады, оның басында көшбасшы тұрады және соның нұсқауы бойынша жауды көрсету немесе оларға қарсы күресу тұр.
ХХ ғасырда халықаралық терроризмді зерттеу өте өзекті болды. Осы мәселені зерттеу бойынша көптеген пікірталастарға қарамастан, әлі күнге дейін «терроризм» ұғымының жалпы қабылданған анықтамасы жоқ. Оны бағалау көбінесе саяси көзқарастарға, діни наным-сенімдерге және этникалық қатыстылығына байланысты. Осы күнге дейін терроризм мәселесін зерттеудің бірыңғай тәсілін іздеу жалғасуда.
Бүгінгі таңда терроризм мәселесі барлық елдер мен мемлекеттер үшін ең маңызды мәселелердің бірі, өйткені уақыт өте келе ол шешілмей, тек тереңдей түседі. Сонымен қоса, осы проблеманың және осы саладағы күшейіп жатқан зерттеулердің зор маңыздылығына қарамастан, терроризм проблемасына жедел жауап беруді және шешуді талап ететін шешілмеген көптеген мәселелер қалып отыр.
Осындай маңызды аспектілердің бірі – халықтың терроризмге көзқарасы. Мамандардың көңілі терроризмнің психологиялық аспектілеріне тартқанына қарамастан, ғалымдар бұл проблеманың өте маңызды бөлігін жіберіп алуда. Сондықтан қоғамның осы құбылысқа деген көзқарасын қалыптастырумен байланысты мәселе іс жүзінде ашылмаған күйінде қалып отыр.
Психологтардың зерттеулерінде қоғамның терроризмге қатынасын қалыптастырудың әртүрлі психологиялық және әлеуметтік сипаттамалары бар. Бұқаралық ақпарат құралдарынан террористік акцияларға насихаттау халықтың үнсіздігінен немесе олардың терроризмге қатысты сауатсыздығынан ғана емес, кейде азаматтардың кейбір бөлігінің террористік актілерге белсенді қатысуға келісім беруімен де болатынын атап өтуге болады.
Сонымен, қоғамның терроризмге деген көзқарасы әртүрлі факторларға байланысты: террористік ұйымдардың мақсаттары төңірегінде шоғырлану дәрежесіне, қоғамның адам өмірінің құндылығын қабылдауына, азаматтардың құқықтық санасының деңгейіне және т.б. байланысты.
Терроризм проблемасына тап болған кез келген қоғам қандай да бір уақыттан кейін осы құбылысқа өзінің көзқарасын өзгертетіні белгілі. Терроризмнің пайда болуы алдымен халықтың ой-өрісін ашады. Қоғамның бір бөлігі терроризмді үзілді-кесілді жоққа шығарады. Оның басқа бөлігі, кейбір жағдайларда, тіпті қолдайды. Үшіншісі терроризмнің барлық көріністерінде өзін ақтайды және қолдайды [6].
Теориялық талдау көрсеткендей, террорлық әрекетке деген қатынас мәселесі негізінен жас ерекшелігі тұрғысынан қарастырылады, жастардың терроризмге деген көзқарасы зерттеледі. Біз гендерлік контексте терроризмге қатысты көзқарасты зерттеуді шештік.
Зерттеу жүргізу үшін сауалнама әдісі таңдалды. Респонденттерге жабық және ашық сұрақтар қамтылған «терроризмнің түрлі көріністеріне қатынасын зерттеу» авторлық сауалнамасы ұсынылды. Сауалнама Чернигов мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы А. Дроздовтың зерттеулері негізінде жасалды.
Біздің зерттеуімізге 17-ден 55 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер іріктеліп алынды. Жалпы адам саны – 100. Біздің зерттеуде тек жастар ғана емес, сонымен орта және ересек жастағы адамдардың терроризмге деген көзқарасын көру маңызды болды: 1 топ – ерте (17-25 жас), 2 топ – орта (25-40 жас), 3 топ – үлкен (40-55 жас) жастағылар. Барлық адамдар 2 топқа бөлінді: 50 ер және 50 әйел.
Зерттеу арнайы ұйымдастырылған жағдайларда, әрбір респондентпен жеке жүргізілді. Сауалнаманы жүргізу барысында оларға нұсқаулықтар мен арнайы жауап парақтары ұсынылды. Осы жауап парақтарында белгіленген нәтижелер математикалық статистика әдістерінің көмегімен есептелді.
«Терроризмнің түрлі көріністеріне қатынасты зерттеу» сауалнамасы, респонденттердің терроризмге, оның көріністеріне, әдістеріне деген көзқарасын, яғни интеллектуалды (респонденттер терроризм туралы не біледі), эмоционалды (оған қатынасы қандай?) компоненттері мен мінез-құлықтық әлеуетін (теракт болған жағдайда террористік актіні дайындауға немесе жасауға қатысуға дайындығын бағалау және әрекет ету) анықтауға мүмкіндік береді.
Сауалнама қатысушыларды келесі топтарға бөлуге мүмкіндік берді: ерлер арасында жалпы таңдаманың 24% терроризмге шартты-жағымды, 24% шартты-бейтарап және 52% жағымсыз қатынасты көрсетті. Әйелдердің арасында тек 24% терроризмге бейтарап қатынастарын көрсетсе, ал 76% теріс қатынасымен анықталды. Осылайша, әйелдер арасында терроризмге оң көзқарас білдіретін субъектілер болған жоқ, ал сыналушы ерлердің 24% терроризмге оң баға береді.
Терроризмге теріс қатынасын бағалаған ерлер мен әйелдер негізінен нақты, қатал және радикалды көзқарас ұатанады, сонымен бірге терроризм проблемасын күшпен шешу әдісін басшылыққа алады. Олар терроризмді қазіргі заманның жаһандық проблемасы деп санайды, ол барлық елдерге ерекше қауіп төндіреді және онымен күресу қажет деп есептейді. Олардың пікірінше, лаңкестік әрекетті жасаған адамды ақтай алатын бірде бір себеп жоқ.
Террорлық актіге шартты-бейтарап қатынасын білдірген зерттеуге қатысушылардың көбісі террорлық актіге қатысты сұрақтарға жауап беруге қиналды. Олар бейтарап жауаптарды ұстануға тырысады, яғни терроризм жақсы да, жаман да емес деп санайды, барлығы террорлық актіні кім кімге қарсы жүзеге асыратындығына байланысты деді. Олар бұл мәселені шешудің жолдарын ұсынбайды, мұны мемлекет немесе басқа біреу жасау керек деп есептейді.
Терроризмге оң көзқараспен қарайтын ер адамдар террористердің әрекеттерін ақтайды, террористік шабуылдарды белгілі бір мақсаттар мен идеяларды жүзеге асырудың тәсілі деп санайды және бұл күрестің жалғыз және тиімді әдісі екенін айтады.
Терроризмнің түрлі көріністеріне респонденттердің қатынасын жан-жақты анықтау үшін бізге олардың сауалнаманың ашық сұрақтарына берген жауаптары маңызды болды. Сонымен, сауалнама мәліметтерін өңдеу нәтижесі бойынша келесі тенденцияларды атап өтуге болады: террористік іс-әрекетті анықтаумен байланысты сұрақтарға әйелдердің жауаптары нақты. Олар терроризмды өздері үшін қорқыныш, зұлымдық, өлім, қатыгез әрекет, қылмыс, соғыс және жаһандық мәселе ретінде көрсетті.
Ерлердің әйелдерден айырмашылығы, терроризм туралы сұраққа жауап беру барысында, оны олар оғаш қылмыс, ақылсыздық және бей-берекеттік әрекет деп атады. Ал терроризмге оң көзқарастағы ерлер оны мағыналы, ойын және қорқыту әдісі деп көрсетті.
Негізінен, сұрақтарға жауап бергендердің көпшілігі гендерлік айырмашылықтарға қарамастан терроризмге жағымсыз қатынасын білдіреді. Тек террористік іс-әрекеттерге жағымды баға берген респонденттер ғана өзінің қатынасын оң жауаптармен және бұл біреуге қажет деген болжамдармен нақтылайды, себебі ол біреуге өзінің дербес мақсаттарын немесе идеяларын жүзеге асыру үшін қажет деп есептейді.
Террорлық актілер неге жасалынады деген сұраққа жауап беру барысында ерлер мен әйелдер арасында үлкен айырмашылықтар болған жоқ. Барлығы террорлық актілердің болуы, көптеген мемлекеттер дұрыс саясат жүргізбеуінен, заңдарды сақтамауынан, адамдармен және олардың пікірлерімен санаспауы себептерінен туындайды деп есептейді. Ерлер де, әйелдер де террорлық актілерді психикалық тұрғыдан дені сау емес адамдар немесе өзіне назар аударғысы келетін адамдар жасайды деген бірыңғай көзқарасты ұстанады.
Осылайша, әйелдер ерлерге қарағанда терроризмді нақты бағалайды. Әйелдер тобында терроризмге жағымды қатынасын білдіретін сыналушылар болған жоқ, ал ерлер арасында мұндай респонденттер кездесті. Әйелдер терроризмге нақты, түбегейлі қарсы. Ер адамдар әйелдерге қарағанда терроризмге және террорлық актілерге кейбір жағдайларда қолдау білдіреді [8].
Отандық және шетелдік психологтардың зерттеулерінде күнделікті санадағы қоғамның терроризмге қатынасын қалыптастырудың әртүрлі психологиялық және әлеуметтік сипаттамалары қарастырылған. Зерттеушілердің көпшілігін жастардың терроризмге деген көзқарасы қызықтырады, алайда олар сыналушылардың жынысына көңіл бөлмейді. Бірақ іс жүзінде, террористік қозғалыстарға әйелдер мен ерлердің қатысуын зерттеу өте маңызды. Өйткені, соңғы кездері террорлық актілерге әйелдер де жиі қатысады [9].
Біздің ойымызша, ерлер мен әйелдердің террористік құбылыстар мен әрекеттерге қатынасын зерттеу және терроризмнің адамға әсері факторын, яғни террорлық актіге кімнің (жыныстық белгі бойынша) бейім екендігін анықтауда зерттеу жүргізу үшін аса маңызды.