НҰР-СҰЛТАН, 06 қараша.Өзбекстан кеденшілері Тәжікстаннан транзитпен келе жатқан пойызда 172,5 килограмм есірткі тасымалының жолын кесті, деп Республиканың Мемлекеттік Кеден комитетінің (МКК) баспасөз қызметіне сілтеме жасап Sputnik Тәжікстан хабарлайды.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Тәжікстанмен шекаралас Сурхандария облысындағы «Сариасия» бекетінде көрші мемлекеттен келген транзиттік жүк пойызын тексеру кезінде екі вагонның түбінен полиэтиленге оралған және скотчпен орап-түйілген контейнерлер сақталған арнайы жабдықталған жасырын орындар табылды.
«Сараптау кезінде жасырын жерлерде жалпы салмағы 172,5 килограмм болатын есірткі заттары болғаны анықталды», — деп Мемлекеттік кеден комитетінің Telegram каналында хабарланған.
Атап айтқанда, 11,987 кг героин, 33,2 кг гашиш және 127,25 кг гашиш майы тәркіленді.
Мемлекеттік кеден комитетінің хабарлауынша, «Аса ірі көлемде есірткі заттарының контрабандасы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап бойынша он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Республиканың Министрлер Кабинеті жанындағы есірткіні бақылау жөніндегі ұлттық ақпараттық-сараптау орталықтың мәліметтері бойынша Ауғанстан мен Тәжікстаннан келетін жүк поездарындағы мен шекаралас аймақтардағы жасырын орындар есірткі тасымалдаудың ең танымал түрлеріне (80%) айналды.
Өзбекстан аумағы арқылы «Солтүстік бағдар» деп аталатын жол өтеді — әлемде апиынды Ауғанстаннан Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне жеткізу үшін ең үлкен есірткі трафигі, ол арқылы жылына 100 тоннаға дейін күшті есірткі тасымалданады.