НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша.Екімыңыншы жылдардың басында имамдық қызмет атқарып жүргенімде мешіт жамағатының ішінде арагідік жат діни ағым өкілдері ұшырасатын. Әрдайым уағыз-насихатымызда олардың діни канондық негіздеріндегі (мәнһаж) қателіктерді жиі айтатынбыз. Қатып-семіп қалған деструктивті діни ағым жақтаушысымен кейде жеке кездесіп, райынан қайтаруға күш жұмсайтынбыз. Алайда, имам – жалпы бұқараны қауіпті ағымдардан сақтандыруға ғана құқылы. Яғни, деструктивті діни ағым өкілдері қоғамға зиян келтірмес үшін имам халыққа уағыз-насихат айтып, оның алдын алуға ғана қауқарлы. Оларды оңалту және санкциялау жұмысы әлеуметтік институттардың қызмет ету аясынан тысқары тұрады. Сол себепті дін қызметкері ретінде діни экстремизмге қарсы күресте тек уағыз айтумен ғана шектелетінбіз, деп Zakon.kz сайтында жарық көрген ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаевтың мақаласында жазылған.
Ал, 2018 жылы ШҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығына (ДМЗО) басшылыққа келгенімде өз басым үшін жат діни ағымдармен күресудің жауапкершілігі тіптен арта түсті. Себебі, ДМЗО-ның негізгі міндеттерінің бірі – деструктивті діни ағым жақтаушыларын райынан қайтару болып табылады. Атап айтсақ, ДМЗО профилактика, реаблитация, дерадикализация, пробация секілді бірнеше бағыттар бойынша жұмыс істейді. Бұл бағыттардың әрбіреуі қоғам үшін аса маңызды істерді атқаруды жүзеге асырады. Осы бағыттарға қарай ДМЗО мамандарының да міндеттері әртүрлі. Теолог мамандардың жұмыс істеу алаңы да бір-бірінен бөлек. Соған сәйкес мамандардың кәсіби шеберліктері де әртүрлі деңгейде.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан қоғамында діни экстремизмге қарсы белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасып үлгерді. Әсіресе, діни экстремизмдегі ең белсенді саналатын салафизм ағымы туралы халықтың азды-кем хабары бар деп ойлаймын. Қалың бұқара салафизм десе нені ойлайды? Иә, халық салафизм дегенде – намаз оқымайтын ата-анасы мен бауырларын кәпір, салт-дәстүрін бидғат, мемлекетін тағут, мың жылдан бері ата-бабасы ұстанған әбу ханифа мәзһабы мен матуриди ақидасын мансұқтаушы дүмбілез дүмшені есіне алады. Одан қала берді Ақтау, Шұбарши, Атырау, Тараз, Балқаш, Ақтөбе, Алматыда орын алған терактілер, Сирияға аттанған бөзөкпе жастар, оларды желіктірген әлем-желінің әңгүдік ғұламалары, от пен оқтың арасындағы бейкүнә бүлдіршіннің көз-жасы, көктей солған қыршын ғұмырлар және т.б. лаңкестік оқиғалар халықтың салафизмге үрке қарауына жеткілікті фактілер еді.
Ал, біздің қоғамда діни экстремизмге қарсы күрес қалай өрбіген еді? Сонау тәуелсіздік алған жылдардан бастап көзі ашық, көкірегі ояу қоғам белсенділері жат діни ағымдарға қарсы «көп тудың көк туды» құлатады деп, дабыл қақты. Ал, екімыңыншы жылдардан кейін белгілі теолог-ғалымдар салафизм және өзге де қауіпті діни ағымдар туралы жиі-жиі баспасөзде мәселелер көтерді. Олардың тарихын, теориялық негіздерін (мәнһаж), сондай-ақ, өз діни нанымдарын халыққа өткізуде қандай әдіснамаларға жүгінетінін жан-жақты талдаған БАҚ-да көлемде ақпараттар берілді. Осындай алдын алу жұмысының нәтижесінде халықтың діни экстремизмге қарсылығы біршама нығайды.
Бірақ, діни экстремистік ұйымдар туралы мәліметтерді халыққа жеткізу мәселені түбегейлі еңсеруге негіз бола алмайды. Себебі, біз етек-жеңімізді жиып, мәселеге салиқалы түрде назар аударғанға дейін елімізге көптеген діни ағымдар сынамалап еніп үлгеді. Әрбір діни ағым азаматтарды арбағанда діннің ақиқатын өзінің діни ұстанымымен байланыстырып, Хақ сенімді меншіктеп алады. Мәңгілік бақытқа (жұмақ) олардың сорабына ерген адам ғана қол жеткізе алады. Осының әсерінен арбалған азаматтардың көпшілігінің жүрегі діни ағымдарға байланып қалады. Яғни, оларда балама діни көзқарас болуы мүмкін емес. Жат діни ағымға арбалып, соған нанумен шектелсе бір сәрі, енді олар осы теріс діни сенімдерін насихаттап, елдің есін шығарады. Мұндай көзі байланған деструктивті діни ағым жақтаушысына алдын алу шаралары мүлде әсер етпейді.
Елімізде 2011 жылдардан кейін облыстық әкімшіліктер құрамынан Дін істері басқармасы мен Дін мәселелерін зерттеу орталықтарын құра бастады. Бұл жаңа құрылым жат діни ағымдарға қарсы профилактикалық жұмыспен қатар реаблитациялық іс-шараларды атқаруды қолға алды. Әсіресе, ДМЗО мамандары деструктивті діни ағым жақтаушыларына оңалту жұмыстарын жүргізіп, оларды райынан қайтарумен шұғылданады. Профилактикалық жұмысқа қарағанда реаблитациялық жұмыстың жүгі біршама ауырлау. Алдын алу жұмыстарын саясаттанушы, тарихшы, дінтанушы мамандары да жүргізе береді. Ал, оңалту жұмысын теологияның жілігін шағып, майын ішкен мамандар ғана атқара алады.
Оңалту жұмысын жүргізуші теолог маман илми-кәлам (ақида), илми-нафс (ислам психологиясы), усул-ул-фиқһ (мұсылман құқығының теория-методологиясы), хикметут-ташриға (шариғат хикметі), сиясатул-шария (шариғаттың саясаты), қағидатул-шария (шариғат қағидаттары), хилайи-шария (даналық, тапқырлық), мақаситул-шария (шариғат мақсаттары), бәлаға (шешендік өнер) және т.б. ілімдерден хабары болуы шарт. Әрине ДМЗО-да жұмыс істейтін теолог-мамандардың барлығы сен тұр, мен атайын бесаспаптың өзі емес. Десе де, оңалту жұмыстарын жүргізудің ауыртпалығын сезінгеннен кейін біртіндеп өздерін жетілдіруді қолға алады. Сарбаздың біліктілігінің артуына аудиториядан көрі полигондағы практикалық сабақ көбірек әсер ететіні секілді теологтарымыздың да ысылуына тәжірибе ұшырасатын жәйттер көбірек ықпал етеді.
Нәтижесінде әрбір жылдың қорытындысы бойынша жат діни ағым өкілдерінің 10-15 пайызы дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына бет бұрады. Алайда, деструктивті діни ағымдарға жаңадан бет бұрушылардың саны азаймай тұр. Оның себебі, райынан қайтқандардың орнын жаңадан бұрушылар толтыруда. Әсілі, профилактикаға тек мешіт қызметкері мен дінтанушы ғалымдар ғана емес, әрбір ата-ана, әкімшіліктің ішкі саясат қызметкерлері, мектеп пен жоғары оқу орындарының тәрбие жөніндегі мамандары, ювенальді және учаскелік полиция қызметкерлері және т.б. сала мамандары да жауапты. Аталған салалардың жұмысында арнайы бағдарламаға негізделген үйлесім болса, жат діни ағымдарды ауыздықтауды арттыра түсуге болады.
Сонымен қатар, ДМЗО мамандары дерадикализация және пробация бағыты бойынша да жұмыс атқарады. Дерадикализация сатысында радикалдық әрекекеттерге барғаны үшін құқытық санкциялауға ұшырап, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталушылармен теологиялық жұмыстар жүргізіледі. Деструктивті діни ағым жақтаушысының діни санасын түбегейлі өзгерту үшін класикалық кітаптардан мысалдар беріп, қажеттілікке қарай белгілі діни пәндерден дәріс өткізеді. Ал, пробоция сатысында жазасын өтеп шыққан азаматтарды бостандықта қоғамдық ортаға бейімдеу үшін теологпен бірге заңгер, психолог, социологтың қызмет көрсетуімен теологиялық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек беру жүзеге асырылады.
Түйін: Қазақстанның деструктивті діни ағым жақтаушыларымен жүргізіп отырған тәжірибелік бағдарламасы әлемнің ешбір елінде жоқ. Халықтың рухани біртұтастығын қамтамасыз етуде біздің еліміз көп елдерден көш ілгері жұмыс істеуде. Дегенмен, көпшілік жат діни ағымдармен профилактикалық деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыстардан ғана хабардар. Ал, оңалту, радикалсыздандыру, бейімдеу жұмыстарының нәтижесін біле бермейді. Жалпы, біздің қоғамда діни экстремизм туралы көп айтылады. Бірақ, дөп айтудың жөні басқа.