НҰР-СҰЛТАН, 16 желтоқсан. Өзбекстанда астыртын үш діни мектептің жұмысы тоқтатылды. Онда балаларды ұрып, сабақ оқымағандарға тамақ бермеген, деп Yoshlar телеарнасына сілтеме жасап centralasian.org хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының арнайы операциясы барысында Ташкентте үш үйде діни мектеп жасырын жұмыс істегені анықталды. Оларда отыздан астам кәмелет жасқа толмаған бала оқыған.
Yoshlar телеарнасы дайындаған репортажда мектептерде таяқтар, пышақтар және пневматикалық қару табылғаны айтылды. Бұған қоса, астыртын мектептердің қожайындарының ұялы телефондарынан экстремистік, террористік сипаттағы аудио және видео материалдар табылған.
Заңсыз діни мектеп ұйымдастырғандарды жауапқа тарту мәселесі қарастырылып жатыр.