ТАРАЗ, 20 желтоқсан. Жамбылдық полиция қызметкерлері облыс әкімдігінің Жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлерімен және еріктілермен бірге тұрғын үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына кодтық сөздер мен байланыс нөмірлері жазылған граффиттилерді өшірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шара нәтижесінде бір күннің ішінде қала бойынша 100-ден астам жазба жойылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет желісіне күнделікті мониторинг жүргізу арқылы Telegram-да есірткіні жарнамалаған парақшаларды анықтады.
Қазіргі уақытта анықталған интернет-парақшалар бұғатталып, оларды ашуға және жұмыс істеуіне қатысы бар адамдарды анықтап, ұстау бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде.
«Граффити жазуларды енгізгені және интернетте көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін ҚР ҚК 299-1-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша жаза көзделген. Осы қылмысты жасағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен жасағаны үшін үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.
Сондай-ақ, аталған департамент облыс тұрғындарын есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.