НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан.Дүйсенбі күні Малиде үш француз сарбазы қаза тапты. Бұл туралы Франция президенті кеңсесінің баспасөз хабарламасына сілтеме жасай отырып Синьхуа агенттігі жазады.
Мәлімдемеде 28 желтоқсан күні таңертең әскери тапсырмада болған француз әскерінің бронетранспортеріне жарылғыш затпен шабуыл жасалып, үш сарбаз қаза тапқаны айтылған. Франция президенті Эммануэль Макрон бұл сарбаздарға деген құрметін білдіріп, елдің терроризмге қарсы күресті жалғастыруға деген шешімін тағы да растады.
2013 жылы Малидегі терроризмге қарсы операция басталғаннан бері 47 француз сарбазы қаза тапты, деп хабарлайды жергілікті БАҚ.