НҰР-СҰЛТАН, 02 қаңтар. «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы (ДАИШ немесе ИМ, ҚР тыйым салынған) Грозныйдағы полиция қызметкерлеріне шабуыл үшін жауапкершілікті өз мойнына алды, деп Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасап SPUTNIK Тәжікстан жазады.
ИМ-нің Грозныйдағы лаңкестік әрекетке қатысы бар екенін ешқандай дәлел келтірмей жариялағандығы атап өтілген.
Естеріңізге сала кетейік, Грозныйда тәртіп сақшыларына шабуыл 28 желтоқсан күні түстен кейін жасалды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қала орталығында екі содыр патрульдік полиция қызметкерлеріне пышақпен шабуылдап, олардың қаруларын тартып алмақ болған.
Екі террорист өлтірілді. Шабуыл салдарынан бір полиция қызметкері қаза тауып, тағы біреуі жараланды.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың айтуынша, шабуылды 2012 жылы Ингушетиядан Шешенстанға қоныс аударған ағайындылар жасаған. Олар наубайханалардың бірінде жұмыс істеген.